Бүгін, 2 ақпанда Қазақстанның халық жазушысы, тарихшы, қоғам қайраткері Мұхтар Мағауиннің туғанына 85 жыл толып отыр. Ол әдебиетке келген алғашқы күнінен бастап, қазақ тарихының көмескі тұстарын зерттеп қана қоймай, жыраулар мұрасын қайта тірілтіп, ұлттық сананы жаңғыртуға қызмет етті.
ЖЫРАУЛАР ТАРИХЫН ҚАЙТА ТІРІЛТКЕН ҒАЛЫМ
Мағауин – қазақ әдебиетінің көне мұрасын зерттеу жыраулар мұрасы 15-ғасырдан 10-ғасырға дейін тереңдеді. Ол – Қазтуған, Доспамбет, Шалкиіз, Жиембет, Бұқар жырау сияқты ақындардың шығармаларын жүйелеп, халыққа танытқан ғалым. «Қобыз сарыны» атты монографиясы қазақ поэзиясының тереңдігі мен тарихи негізін көрсеткен аса құнды зерттеу болды.
Жазушының өзі «XV-XVIII ғасырлардағы жыраулар поэзиясы – әлемдік дәрежедегі құбылыс» деп бағалайды. Сондай-ақ, қадым заман куәгерлері оның тарихи тақырыптарға қалам тартуына ықпал еткенін айтады.
ТАРИХ ПЕН ТАҒДЫР ТОҒЫСҚАН ШЫҒАРМАЛАРЫ
Мағауин – көркем әдебиетте де ұлттық сана мен тарихи жадыны алдыңғы орынға қойған қаламгер. Оның шығармалары қазақ халқының тағдыры, еркіндік пен бодандық, рухани құндылықтар туралы терең ойларға жетелейді.
НАЗАРБАЕВ САЯСАТЫН АШЫҚ СЫНАҒАН ТҰЛҒА
Мағауин тек әдебиет пен тарихпен ғана шектелген жоқ, саяси көзқарасын да ашық білдірген қаламгер. Ол – Қазақстанның егемендік алғаннан кейінгі кезеңдегі билік жүйесін қатты сынға алғандардың бірі. Әсіресе, Назарбаевтың жеке билігі күшейіп, авторитарлық басқару қалыптасқан тұста Мұхтар Мағауин бұл жағдайға үнсіз қалмады. Оның пікірінше, қазақ халқының ұлттық мүддесі еленбей, ұлттың рухани-мәдени құндылықтары екінші орынға ысырылды.
Жазушы 2000 жылдары Қазақстаннан кетіп, Чехияға қоныс аударды. Бұл шешімін ол елдегі саяси ахуалмен байланыстырып, шығармашылық еркіндіктің шектелуін сынға алған болатын.
Қаламгер медиаға берген сұқбатында Назарбаев туралы:
«Әуел баста қазаққа қарсы жұмыс істеді. Жемқорлық, жеу деген бір ғана нәрсе. Қазақтың рухын жаныштады, қазақты тоздырды, аздырды. Голощекин 1932 жылы қазақтың үштен екісін қырып тастаса, Назарбаев бүкіл қазақтың жан-дүниесін жоққа айналдырды. Өзімізден де бар. Асыра сілтеп, мақтап жібердік. Нұх пайғамбарға теңеп, тіпті артық кеттік. Баяғыдан бері келе жатқан жағымпаздық пен дарақылық», - деген еді.
СОҢҒЫ СҰХБАТ
Көп жылдар бойы шетелде өмір сүрсе де, Мағауин қазақ қоғамындағы өзгерістерді жіті қадағалап отырды. Оның соңғы сұхбаттарында биліктің ұлттық мүддеден алшақтауы, жемқорлықтың белең алуы, рухани құндылықтардың аяққа тапталуы туралы ащы шындықтар айтылды.
Мұхтар Мағауин қазіргі геосаяси жағдайды талдай отырып, Ресейдің келешегі жайлы және ондағы қазақтар мен туысқан түркі халықтары жөнінде көзқарасын білдіреді. Жазушының ойынша, үлкен держава болуға ұмтылған мемлекеттің ішкі қайшылықтары саяси тұрақсыздыққа әкелуі мүмкін.
«Астраханда 150 мың қазақ бар, Волгаградта 20-30 мың қазақ десек, Саратов облысында 70 мың қазақ бар. Сонда Еділ бойында 350 мың қазақ бар. Біздің ежелгі мекеніміз. Алтын Орданың ұйықты қонысы. Бұрынғы Сарай қаласының орнында Селитрин деген ауыл болатын. Сонда 5-6 мың халықтың жартысы қазақ болатын. Біраздан кейін таза қазақ болады. Астраханда таза қазақ акылдары көбейіп кетті. Еділ бойы түгелдей қазақтанады. Сонда мен жазғам, 100 жылдан кейін Еділ, Еділдің сол жағалауы біздікі болады. Ана Орынбордағы, Омбыдағы қазақ көпшілікке айналады», - деді Мұхтар Мағауин.
ЗАМАНДАСТАР ЛЕБІЗІ
Қазақстанның халық жазушысы Мұхтар Мағауин 2025 жылы АҚШ-та жергілікті уақытпен 9 қаңтарда дүние салды.
Композитор, музыкатанушы Ілия Жақанов жазушының тосын қазасына орай «қазақтың кең даласына сыя алмай кетті» деп жазды.
«Осы дүниеде опа таппаған ұлы кемеңгер адам қазақтың көз жетпейтін кең даласына сыймай дүниеден өтіп жатыр. Қазақ халқының қайғының, қасіреттің не екенін сездіріп опасыз жалғаннан кетіп тыңды.
Біз енді бүгінгі тірлік, ертеңгі өмір, болашақты ойлағанда Мұхтар Мағауиндай ұлы адам көксеген ойды кіммен бөлісеміз?! М.Мағауин көксеген Алтын орда заманын армандаумен өтетін шығармыз.
Менің бүгінгі сөзім рухани дос Мұхтар Мағауинді ана дүниеге қия алмай отбасына, елге, бүкіл қазақ халқына жасы үлкен ағасы ретінде көңіл айтуым амал жоқ, осылай болып жатыр... Хош, хош дейміз, жарық дүниеге сыймай кетіп бара жатқан қазақтың ұлы перзенті!», - деп жазды Ілия Жақанов.
Замандас досы Әбіш Кекілбаев «Мұхтар Мағауин – қазақ тарихының тереңіне бойлап, ұлтымыздың шынайы шежіресін жазған жазушы. Ол – рухани күрескер», деген болса, тарихшы Тұрсын Жұртбай «Мағауиннің еңбегі – қазақ әдебиетінің ғана емес, ұлттың рухани тәуелсіздігінің белгісі. Ол тарих пен әдебиеттің шекарасын бұзып, қазақтың нағыз болмысын ашып берді», - деп жазған еді.
«Juzmedia» - ақпараттық-ағартушылық портал. Қазақ қоғамының өсуі, өзгеруі тұсында болып жатқан құбылыстарды мүлт жібермейтін сенімді ақпарат көзі. Атауына қатысты түсініктеме бере кетсек: Елде болып жатқан әр іс-әрекеттің сыртында адам, адамның бет-бейнесі, ЖҮЗІ бар. Яғни, жауапкершілігі, ар-ожданы деген сөз. Мейлі қарапайым адам, мейлі шенеунік осы түсінік аясынан алшақтамаса.