Қаржы мониторингі агенттігі Атырауда жоғары лауазымды екі тұлға төбелесінен кейін біреуі комаға түскен оқиғаға қатысты пікір білдіріп, өз қызметкерлерінің ол төбелеске қатыспағанын мәлімдеді, деп хабарлайды Juzmedia.kz.
ҚМА ҚАНДАЙ ТҮСІНІКТЕМЕ БЕРДІ?
Ведомство БАҚ-та таратылған ақпарат шындыққа сәйкес келмейді деп мәлімдеді. Олардың мәліметінше, оқиға орнында Атырау облыстық Экономикалық тергеу департаментінің бірде-бір қызметкері болмаған және оған қатысы жоқ.
“Атырау облысы бойынша Мемлекеттік кірістер департаменті басшысының орынбасарына қатысты оқиға туралы KazTAG таратқан ақпарат шындыққа жанаспайды.
Оқиға болған жерде Атырау облысы бойынша ЭТТД-нің бірде-бір қызметкері болмаған. ҚМА қызметкерлерінің бұл оқиғаға ешқандай қатысы жоқ екенін хабарлаймыз”, - делінген ведомство хабарламасында.
Осылай деген Қаржы мониторингі агенттігі жұртшылықты тек ресми ақпарат көздеріне сенуге шақырды.
ОҚИҒАНЫҢ МӘН-ЖАЙЫ
Бұған дейін, яғни 28 қаңтарда Атыраудағы мекемелердің бірінде мемлекеттік қызметкерлер арасында төбелес болып, оған көлік прокуратурасының қызметкерлері мен Мемлекеттік кірістер департаментінің басшылары қатысқаны туралы ақпарат тараған болатын. Төбелес салдарынан бір адам ауыр жарақат алып, комаға түскен.
Полиция департаменті “Денсаулыққа қасақана ауыр зиян келтіру” бабы бойынша қылмыстық іс қозғалғанын хабарлады.
Бас көлік прокуратурасы оқиғаның барлық мән-жайын, оның ішінде прокурорлардың қатысы болуы мүмкін екенін анықтау үшін қызметтік тергеу жүргізіп жатыр.
«Juzmedia» - ақпараттық-ағартушылық портал. Қазақ қоғамының өсуі, өзгеруі тұсында болып жатқан құбылыстарды мүлт жібермейтін сенімді ақпарат көзі. Атауына қатысты түсініктеме бере кетсек: Елде болып жатқан әр іс-әрекеттің сыртында адам, адамның бет-бейнесі, ЖҮЗІ бар. Яғни, жауапкершілігі, ар-ожданы деген сөз. Мейлі қарапайым адам, мейлі шенеунік осы түсінік аясынан алшақтамаса.