homepage
Коллаж: Juzmedia

Балбал тас: отар болған елдер өз тілінде сөйлеуге неге ұялады?

05.02.2025, 15:00

Ресей империясы мен кейінгі Кеңес Одағының отарлау саясаты көптеген ұлттардың мәдениеті мен тіліне нұқсан келтірді. Тіпті кейбірі жойылып та кетті. Juzmedia Балбал тас айдары тілдік геноцид және оның көріністеріне туралы шолу ұсынып отыр. Сонымен қатар отар болған елдер өз тілінде сөйлеуге неге ұялады деген сауалға жауап іздеп көрді.

ТІЛДІК ГЕНОЦИД ДЕГЕН НЕ?

Тілдік геноцид – белгілі бір халықтың немесе этностың тілін қасақана жою немесе әлсірету процесі. Бұл процесс заңдар, саясат, білім беру жүйесі, бұқаралық ақпарат құралдары және басқа да механизмдер арқылы жүзеге асырылуы мүмкін.

Мәселен, лингвист Туве Скутнабб-Кангас бұл ұғымға «Тілдік геноцид – бұл балаларды өз ата-аналарының тілінде білім алуға мүмкіндік бермей, оларды басқа тілге күштеп оқыту арқылы ана тілінен айыру процесі» деп анықтама берген.

Зерттеуші БҰҰ-ның 1948 жылғы Геноцид туралы конвенциясына сүйене отырып, тілдік ассимиляцияны геноцидтің бір түрі ретінде қарастырады.

Ал тілдердің жойылуын зерттеуші британ ғалымы Дэвид Кристалдың пікірінше, тілдің жойылу себептеріне ұлттардың жойылуы мен геноцид, сондай-ақ жекелеген тілдерге деген өшпенділік жатады.

«Егер бір ұрпақ өз ана тілін үйренбесе, ол тіл жойылу қаупіне ұшырайды. Егер бұл саналы түрде ұйымдастырылса, онда бұл тілдік геноцид деп аталады»,  деп жазады ғалым.

Лингвистикада, саясаттануда және құқықтануда кеңінен қарастырылатын бұл ұғым бірнеше сипатта көрініс табады.

Атап айтқанда, ана тілінде білім беруге тыйым салу немесе шектеу, мемлекеттік басқару, экономика және БАҚ-та бір ғана тілдің үстемдігін орнату, отаршылдық және ассимиляциялық саясат, тілді үйрететін мекемелерді (мектептерді) жабу немесе қаржыландырмау.

КЕҢЕСТІК ТІЛ САЯСАТЫ

КСРО-ның тіл саясаты оның әр кезеңінде әртүрлі сипатта болды. 1917 жылдан 1930 жылдардың басына дейін Кеңес өкіметі ұлттандыру саясаты аясында жергілікті халықтардың тілдерін дамытуға қолдау көрсетті. Бұл кезеңде латын графикасына негізделген жаңа әліпби мен әдеби нормалар жасалды.

Алайда Иосиф Сталин билікке келгеннен кейін тіл саясаты өзгеріп, орыстандыру үрдісі күшейе түсті. Ана тілінде білім алу мүмкіндіктері шектеліп, әдебиеттерді басып шығару азайды, ал ұлттық республикалардың тілдері кириллицаға көшірілді. 1950 жылдарға қарай орыс тілі беделді тілге айналып, ғылым, мәдениет және кейбір жұмыс салаларына қолжетімділіктің негізгі құралы ретінде орнықты.

1950-1980 жылдары мемлекеттік деңгейде тіл саясатына қатысты нақты жоспар болмағанымен, орыстандыру процесі жалғаса берді. Сонымен қатар, орыс тілі басымшылыққа ие болып, жергілікті тілдерді ығыстыра бастады. Қайта құру кезеңінде тіл саясатына қатысты қарама-қайшы көзқарастар этникалық қақтығыстардың өршуіне ықпал етті.

Орыстандыру саясатының кесірінен көптеген ұлттардың тілі мен мәдениетіне келтірілген зардабы туралы абайтанушы, ғалым Мекемтас Мырзахметұлы былай деп жазады:

«Алдымен империядағы көптілді бұратана халықтарды түгелдей шоқындырып, орыстармен кіріктіріп (слияния) жіберу мәселесіне шешуші мән берілді, яғни оларды тілі мен дінінен ажырату арқылы орыстандыру саясатын ұстанды».

АНА ТІЛІНЕН АРЛАНУ

Отар болған елдер өз тілінде сөйлеуге ұялуының негізгі себептері тарихи, әлеуметтік және психологиялық факторлармен байланысты.

Отарлаушы елдер өз тілін, мәдениетін және басқару жүйесін күштеп енгізгендіктен жергілікті тіл мен мәдениет төмен саналып, «артта қалған» немесе «дамымай қалған» деп бағаланды. Бұл тарихи қысым жергілікті халықтың өз тілі мен мәдениетіне деген сенімсіздік сезімін қалыптастырды. Сонымен қатар отарлаушы елдің тілі экономикалық, әлеуметтік және саяси тұрғыда артықшылық беретін құрал ретінде қабылданды. Көптеген адамдар өмірде табысқа жету үшін отарлаушы елдің тілін білу керек деп санады. Бұл жергілікті тілді екінші орынға ысырып, оның беделін төмендетті.

Ғалымдар «тілдік колониализм» ұғымын қолдана отырып, отарлаушы елдердің өз мәдениеті мен тілін үстем етуді жалғастыруы халықтың санасында отарлаушы тілдің үстемдігін күшейткенін айтады. Бұл құбылыс тәуелсіздік алғаннан кейін де жалғасады. Жергілікті тілді кемсіту арқылы өз ұлтының тілінде сөйлеу «артта қалғандық» немесе «сауатсыздық» ретінде қарастырылуы мүмкін.

Жергілікті халық арасында отарлаушы елдің мәдениетін «жоғары» деп қабылдап, өз мәдениетін төмен санау сияқты құбылыстар пайда болады. Тіптен кей қазақ балаларын орыс мектептеріне беріп, ана тілі ретінде орыс тілін үйрететін жағдай жиі кездеседі.

Көбіне адамдар өз тілінде сөйлеуге ұялып, оны дамытудың орнына, отарлаушы тілге басымдық береді.

Қазақ тілін мемлекеттік деңгейде дамытудың маңыздылығын алға тартқан, тіл реформасын жүргізген қазақ ағартушысы Ахмет Байтұрсынұлы «тілі жоғалған ұлттың өзі де жоғалады» деген.

Ресей империясы мен Кеңес Одағы құрамына кірген жүздеген этнос пен ұлттың тілдері мен мәдениеттері жүйелі түрде қысымға ұшырады. Дерек бойынша, 20-ға жуық ұлттың тілі толығымен жойылған. Кемінде 100-ге жуық ұлттың тілдері қатты әлсіреп, күнделікті қолданыстан шыға бастады.

Juzmedia

«Juzmedia» - ақпараттық-ағартушылық портал. Қазақ қоғамының өсуі, өзгеруі тұсында болып жатқан құбылыстарды мүлт жібермейтін сенімді ақпарат көзі. Атауына қатысты түсініктеме бере кетсек: Елде болып жатқан әр іс-әрекеттің сыртында адам, адамның бет-бейнесі, ЖҮЗІ бар. Яғни, жауапкершілігі, ар-ожданы деген сөз. Мейлі қарапайым адам, мейлі шенеунік осы түсінік аясынан алшақтамаса.