homepage
Муратбек Ташенбаев. Фото: gov.kz

Оралдың бас архитекторы ұзақ жылға сотталды

05.02.2025, 15:25

Орал қалалық сотында сәулет саласындағы сыбайлас жемқорлыққа қатысты іс бойынша сот отырысы аяқталды, деп хабарлайды Juzmedia.kz.

ШЕНЕУНІКПЕН БІРГЕ ТАҒЫ КІМ СОТТАЛДЫ?

Мой город” басылымының жазуынша, Орал қалалық сәулет басқармасының басшысы Мұратбек Ташенбаев пара алғаны және қызметтік өкілеттігін асыра пайдаланғаны үшін кінәлі деп танылды.

Оның сыбайластары – департаменттің бас маманы Нұрсұлтан Ғатау мен ЖШС директорының орынбасары Асылжан Көпбаев сыбайлас жемқорлық қылмыстары үшін кінәлі деп танылды.

Сот алты айдан астам уақытқа созылды. Кінәсін мойындаған барлық айыпталушы мен олардың қорғаушылары процессуалдық келісімге келу туралы өтініштер берді.

КІМНЕН ҚАНША ПАРА АЛҒАН?

Іс материалдарына сәйкес, 2023 жылдың наурыз айында Асылжан Көпбаев Нұрсұлтан Ғатау қосымша жер телімін алуға көмектесуін сұраған. Ғатау өзінің қызметтік жағдайын пайдаланып, 500 мың теңге пара талап еткен, ал оның талабына Көпбаев келіскен.

“2023 жылдың сәуір айында Ғатау өзінің бастығы Мұратбек Ташенбаевтан танысына жер телімін алуға көмектесуін сұрап, тағы да өз қызметін пайдаланған. Ташенбаев жер қатынастары бөліміне жолданған хатқа қол қойып, жер телімін алу процесін жеңілдеткен. Нәтижесінде Ғатау жерді заңсыз иемденгені үшін танысынан 5 миллион теңге алған”, - делінген хабарламада.

Ал 2024 жылдың басында Көпбаев Ташенбаевқа басқа танысының атынан көппәтерлі тұрғын үй құрылысына сәулет-жоспарлау тапсырмасын бекіту туралы өтінішпен жүгінген. Ташенбаев жобаны бекіту үшін 1 миллион теңге пара талап еткен.

Айыпталушылардың әрекетінен мемлекетке келтірілген жалпы шығын шамамен 92 миллион теңгені құраған.

СОТ ҚАНДАЙ ҮКІМ ШЫҒАРДЫ?

Сот Мұратбек Ташенбаевты өмір бойына мемлекеттік қызметте жұмыс істеуге тыйым салып, 7 жылға бас бостандығынан айырды. Ташенбаев дәл сот залында қамауға алынды.

Нұрсұлтан Ғатау 3 жыл 6 айға бас бостандығынан айырылды, сонымен қатар қамауға алынды.

Асылжан Құпбаев 7 жылға бас бостандығынан айырылды, сонымен қатар қамауға алынды.

Үкім заңды күшіне енген жоқ.

Juzmedia

«Juzmedia» - ақпараттық-ағартушылық портал. Қазақ қоғамының өсуі, өзгеруі тұсында болып жатқан құбылыстарды мүлт жібермейтін сенімді ақпарат көзі. Атауына қатысты түсініктеме бере кетсек: Елде болып жатқан әр іс-әрекеттің сыртында адам, адамның бет-бейнесі, ЖҮЗІ бар. Яғни, жауапкершілігі, ар-ожданы деген сөз. Мейлі қарапайым адам, мейлі шенеунік осы түсінік аясынан алшақтамаса.