Алматы гарнизоны әскери сотында қанды Қаңтарда қаза тапқан археолог Ерлан Жағыпаров пен Әуез Қапсалановты атқан полковникке қатысты үкім шықты, деп хабарлайды Juzmedia.kz.
АЯУСЫЗ СОҚҚЫҒА ЖЫҒЫП, АРТЫНША АТЫП ТАСТАҒАН
Іс материалдарында айтылғандай, археолог Ерлан Жағыпаров пен алматылық Әуез Қапсалановтың Республика алаңында ұсталған.
Олар қарусыз болған, кейіннен олардың қолына кісен салып, мылтық дүмімен аяусыз соққыға жыққан.
Көп ұзамай олардың оқ жарақаты бар денесі Алматыдағы орталық алаңның жанынан табылған.
ЖӘБІРЛЕНУШІ ТАРАП ОҒАН БАРЫНША ҚАТАЛ ЖАЗА БЕРУДІ СҰРАДЫ
Белгілі болғандай, Ұлттық ұланның 5571 әскери бөлімі командирінің бұрынғы орынбасары Айтжан Әубәкіровке қатысты Қылмыстық кодекстің 451-бабының 2-бөлігінің 1) тармағы: «Ауыр зардаптарға әкеп соққан қару қолдану арқылы қызмет бабын асыра пайдалану» бойынша іс қозғалды.
“Айыпталушы билік өкілі бола отырып, өз құқықтары мен өкілеттіктерінің шегінен шығатын әрекеттерге барған. Соның салдары ауыр зардапқа ұласып, екі зардап шегуші қайтыс болды. Сотталушының кінәсі сараптамалық қорытындылармен, куәлардың, сарапшылардың айғақтарымен, қылмыс болған жерді қарау хаттамаларымен және заттай дәлелдемелермен дәлелденді”, - делінген Әскери соттың хабарламасында.
Әубәкіров өз кінәсін мойындаған жоқ. Прокурор 7 жылға бас бостандығынан айыруды сұраса, жәбірленушілердің өкілдері барынша қатал жаза беруді сұрады.
Нәтижесінде сот айыптаушы тарап сұраған мерзімді белгілеп, оны полковник әскери атағынан айырды және жәбірленушіге 20 миллион теңге моральдық шығын төлеуге міндеттеді.
«Juzmedia» - ақпараттық-ағартушылық портал. Қазақ қоғамының өсуі, өзгеруі тұсында болып жатқан құбылыстарды мүлт жібермейтін сенімді ақпарат көзі. Атауына қатысты түсініктеме бере кетсек: Елде болып жатқан әр іс-әрекеттің сыртында адам, адамның бет-бейнесі, ЖҮЗІ бар. Яғни, жауапкершілігі, ар-ожданы деген сөз. Мейлі қарапайым адам, мейлі шенеунік осы түсінік аясынан алшақтамаса.