Қаржы мониторингі агенттігі Ақтау қаласы әкімінің бұрынғы орынбасары Тимур Сәдуақасовқа іздеу жарияланғанын растады, деп хабарлайды Juzmedia.kz.
ЭКС-ШЕНЕУНІККЕ ҚАНДАЙ АЙЫП ТАҒЫЛДЫ?
Ведомствоның баспасөз қызметінен хабарлағандай, сот шешімімен Қазақстан Республикасының азаматы 06. 05. 1983 жылы туған Садуақасов Тимур Хабдуллаұлына іздеу жарияланды.
“Ол аса ірі көлемде қылмыстық іс қозғау мәселесін оң шешу үшін мемлекеттік қызметшілерге пара беруге үгіттегені және алаяқтық жасады деп күдіктелуде. Атап айтқанда, “Тиолайн” ЖШС-ін басқарған кезеңде Долгалев В.И. пен басқа да құрылтайшылар арасында “Обуховское” кен орнына қатысу үлесі мен оның табысын бөлуге байланысты келіспеушіліктер туындаған, олар сот арқылы шешілген”, - делінген хабарламада.
Өз кезегінде Долгалев В.И. Садуақасов Т.Х. арқылы құқық қорғау органдарының лауазымды тұлғаларын белгілі бір компания құрылтайшыларына қарсы қылмыстық іс қозғау үшін пара беріп сатып алуға тырысқан. Бұл олардың заңды талаптарынан бас тартуына және оларға қысым көрсетуге бағытталған әрекет болған.
ТЕРГЕУ АЯҚТАЛДЫ
Айта кетейік, Солтүстік Қазақстан облысы бойынша ҚМА департаменті “Тиолайн” ЖШС-нің “Обуховское” кен орнында өз бетінше пайдалы қазбалар өндіру дерегі бойынша тергеуді аяқтады.
Қазіргі уақытта іс сотта қаралып жатыр.
“Осыған байланысты Садуақасов Т.Х. бастапқыда шығарылған ақтау үкімінің күші жойылғаннан кейін соттан жасырынып жүр. Оған қатысты қамауға алу түріндегі бұлтартпау шарасы таңдалды”, - делінген хабарламада.
Бұған дейін сот Сәдуақасовты және іс бойынша басқа да айыпталушыларды ақтағанымен, прокуратура бұл шешімге наразылық білдіріп, үкімнің күші жойылған болатын. Осыдан кейін күдікті жоғалып кеткен. Сот оны қамауға алу туралы шешім шығарған.
Тақырыпқа орай: Ақтау қаласы әкімінің бұрынғы орынбасарына іздеу жарияланды
ҚМА өкілдері сыйақы мен анонимділікке кепілдік бере отырып, іздеуде жүрген адамның қайда жүргенін білген жағдайда, азаматтарды хабарласуға шақырды.
«Juzmedia» - ақпараттық-ағартушылық портал. Қазақ қоғамының өсуі, өзгеруі тұсында болып жатқан құбылыстарды мүлт жібермейтін сенімді ақпарат көзі. Атауына қатысты түсініктеме бере кетсек: Елде болып жатқан әр іс-әрекеттің сыртында адам, адамның бет-бейнесі, ЖҮЗІ бар. Яғни, жауапкершілігі, ар-ожданы деген сөз. Мейлі қарапайым адам, мейлі шенеунік осы түсінік аясынан алшақтамаса.