homepage
Видеодан кадр

Атбасарда сотталғандарды азаптау ісі: прокуратура алқабилер шешіміне шағым түсірді

15.02.2025, 06:58

Ақмола облысының прокуратурасы сот шешімімен келіспей, сотталғандарды азаптады деп айыпталған түрме қызметкерлерін ақтау үкіміне апелляциялық шағым түсірді, деп хабарлайды Juzmedia.kz.

АЛҚАБИЛЕР СОТЫНЫҢ ШЕШІМІНЕ НАРАЗЫЛЫҚ

2025 жылғы 12 ақпанда Ақмола облысының қылмыстық істер жөніндегі мамандандырылған ауданаралық сотында алқабилер үкімінің негізінде Ақмола облысы бойынша қылмыстық-атқару жүйесі департаментінің “№1 мекеме” РММ-нің бұрынғы 12 қызметкер ақталып шыққан болатын.

Атбасар қаласындағы №1 түзеу мекемесінде бұрынғы лауазымды тұлғалары сотталғандарға қатысты азаптау әрекеттерін қолданғаны үшін айыпталған.

Алқабилердің үкіміне сәйкес, айыпталушылар кінәсіз деп танылып, Қазақстан Республикасы Қылмыстық кодексінің 146-бабы 3-бөлігінің 1-тармағында көзделген қылмысты жасаудағы айып бойынша ақталды.

“Ақмола облысының прокуратурасы сот актісімен келіспей, 2025 жылы 14 ақпанда апелляциялық өтінішхат енгізді”, - делінген хабарламада.

12 АДАМНЫҢ АҚТАЛЫП ШЫҒУЫ

Бұған дейін, яғни 12 ақпанда Ақмола облысының қылмыстық істер жөніндегі мамандандырылған ауданаралық соты алқабилердің қатысуымен атышулы істі қарауды аяқтаған болатын. Айыпталушылар орындығында Атбасардағы түзеу колониясындағы сотталғандарға заңсыз ықпал ету әдістерін қолданды деп айыпталған Қылмыстық-атқару жүйесі комитетінің (ҚҰАЖ) 12 қызметкері болды.

“10 алқаби мен бір судьяның әрқайсы бір дауысқа ие. Дауыс беру кезінде артықшылық берілмейді. Кеңесу бөлмесіндегі дауыс беру қорытындысы бойынша алқабилер алқасының мүшелері көпшілік дауыспен сотталушыларды кінәлі емес деп тапты”, - делінген сот хабарламасында.

Сот отырысында алқабилердің көпшілігі айыпталушыларды кінәсіз деп тапқан үкімге дауыс берген. Сот бұл шешіммен келісіп, 12 айыпталушының барлығы ақталып шықан болатын.

ОҚИҒАНЫҢ МӘН-ЖАЙЫ

Өткен жылдың қыркүйек айында әлеуметтік желіде Атбасар колониясында сотталғандардың соққыға жығылғаны түсірілген видео тарады. Бейнежазбадағы жазулар көрсеткендей, видео қызметкерлердің жеке бейнетіркегіштерінен жүктелген.  

Қылмыстық атқару жүйесінің басшылығы қызметкерлердің әрекетін заңсыз деп жариялап, қызметтік өкілеттіктерін асыра пайдалану белгілерін көрсеткен.

Бұл жұртшылық арасында ғана емес, қызметкерлердің арасында да түсінбеушілік туғызған оқиға болды. Олар көп ұзамай видеоүндеу жариялап, бәрін заң аясында істегендерін, сол арқылы сотталғандардың жаппай бағынбау әрекетін тоқтатқанын айтқан еді.

Juzmedia

«Juzmedia» - ақпараттық-ағартушылық портал. Қазақ қоғамының өсуі, өзгеруі тұсында болып жатқан құбылыстарды мүлт жібермейтін сенімді ақпарат көзі. Атауына қатысты түсініктеме бере кетсек: Елде болып жатқан әр іс-әрекеттің сыртында адам, адамның бет-бейнесі, ЖҮЗІ бар. Яғни, жауапкершілігі, ар-ожданы деген сөз. Мейлі қарапайым адам, мейлі шенеунік осы түсінік аясынан алшақтамаса.