Қарағандыда 1 миллиард теңгеден астам ақша жымқырды деген күдікпен іздеуде жүрген ломбард филиалының директоры ұсталды, деп хабарлайды Juzmedia.kz.
Ішкі істер министрлігінің хабарлауынша, қаскөй Шымкенттегі ломбардтардың бірінің филиалының директоры бола тұра, өз сыбайластарымен бірге ЖШС-ға тиесілі 1 млрд теңге қаражатты иемденіп, талан-таражға салған.
ӨЗГЕНІҢ 75 МЛН ТЕҢГЕСІ МЕН КӨЛІГІН АЛДАП АЛЫП КЕТКЕН
Ведомствоның баспасөз қызметінен хабарлағандай, сондай-ақ Алматыда криминалдық полиция қызметкерлері аса ірі мөлшерде алаяқтық жасағаны үшін халықаралық іздеуде жүрген ер адамды ұстады.
“2023 жылдың қараша айында кәсіпкерлік қызметтің атын жамылған қаскүнем жәбірленушіге “тендерге қатысса, жақсы пайда табатынын” уәде етіп, 76 млн теңгеден астам қаражат пен Lexus 570 автокөлігін иемденіп алған”, - делінген ІІМ хабарламасында.
ҚОЙМАДАН 19 МЛН ТЕҢГЕНІҢ ТАУАРЫН ҰРЛАП КЕТКЕН
Сонымен қатар Маңғыстау облысының "Бейнеу" теміржол станциясында көрші мемлекеттің азаматы ұсталды. Ол ұрлық жасағаны үшін полиция іздеуінде жүрген.
Өткен жылы ер адам Атырауда топпен бірге базар қоймасынан 19 млн теңгеге тауар ұрлап кеткен.
Барлық күдікті уақытша ұстау изоляторына қамалды.
«Juzmedia» - ақпараттық-ағартушылық портал. Қазақ қоғамының өсуі, өзгеруі тұсында болып жатқан құбылыстарды мүлт жібермейтін сенімді ақпарат көзі. Атауына қатысты түсініктеме бере кетсек: Елде болып жатқан әр іс-әрекеттің сыртында адам, адамның бет-бейнесі, ЖҮЗІ бар. Яғни, жауапкершілігі, ар-ожданы деген сөз. Мейлі қарапайым адам, мейлі шенеунік осы түсінік аясынан алшақтамаса.