homepage
Видеодан кадр

Шерзатты өлтірді деген күдіктілер түрмеде туған күн тойлаған: полиция пікір білдірді

16.02.2025, 09:28

Әлеуметтік желіде Шерзатты өлтірді деп айыпталғандардың тергеу изоляторында тортпен туған күн атап өтіп жатқан видеосы тарады, деп хабарлайды Juzmedia.kz.

ТОРТ ЖЕП, МУЗЫКА ҚОСЫП, КӨҢІЛ КӨТЕРІП ЖҮР

Видеода бірін-бірі қуана құттықтап, сусын ішіп, торттағы шамды үрлеп жатқандар Қайрат Нұртастың "Туған күн" әнін қосып, көңіл көтеріп жатыр. 

Бейнежазба желі қолданушыларының наразылығын туғызды. Пайдаланушылар ауыр қылмыс жасағаны үшін айыпталушыларға осындай мүмкіндік берілгеніне ашуланған.

ПОЛИЦИЯ ДЕПАРТАМЕНТІ ПІКІР БІЛДІРДІ

Аталған оқиғаға қатысты Алматы облыстық полиция департаментінің өкілдері пікір білдірді.

“Уақытша ұстау изоляторынан бір тұтқынның туған күнін атап өтуі бейнеленген видеоның таралу фактісі бойынша жан-жақты тексеру жүргізілуде.

Барлық кінәлі тұлғалар, соның ішінде басшылық та, қатаң жауапкершілікке тартылады. Тергеу барысы ерекше бақылауға алынды.  Осы құқық бұзушылыққа ықпал еткен себептер мен жағдайларды жою бойынша шаралар қабылданды”, - делінген ПД хабарламасында.

ОҚИҒАНЫҢ МӘН-ЖАЙЫ

Еске салайық, 2024 жылдың 4 қазанына қараған түні Талғарда 16 жастағы Шерзат Болат ата-анасының көз алдында айуандықпен өлтірілген болатын. Қылмысты жасады деген күдікпен 11 адам ұсталып, қамауға алынды.

Кісі өлтіру фактісін тергеуді ҚР Ішкі істер министрі Ержан Сәденов өз бақылауына алды.

Бірнеше күннен кейін, 12 қазанға қараған түні Азат ауылында Шерзат Болат отбасының үйі өртенді. Бас прокуратура үйді өртеп жіберген жауаптыларды табуға уәде берді.

Кейін Шерзаттың ағасы жұмбақ жағдайда қайтыс болды.

Сондай-ақ Шерзаттың әкесі Қаржаубай Нұрымовтың үстінен қылмыстық іс қозғалып, 15 тәулікке қамалды.

Қаңтар айында Шерзаттың өліміне қатысты тергеудің аяқталғаны хабарланған болатын.

Juzmedia

«Juzmedia» - ақпараттық-ағартушылық портал. Қазақ қоғамының өсуі, өзгеруі тұсында болып жатқан құбылыстарды мүлт жібермейтін сенімді ақпарат көзі. Атауына қатысты түсініктеме бере кетсек: Елде болып жатқан әр іс-әрекеттің сыртында адам, адамның бет-бейнесі, ЖҮЗІ бар. Яғни, жауапкершілігі, ар-ожданы деген сөз. Мейлі қарапайым адам, мейлі шенеунік осы түсінік аясынан алшақтамаса.