homepage
Фото: instagram.com/01pk

Мүгедек балаларға деп ақша жинаған: Перизат Қайрат ісінде жаңа дерек пайда болды

19.02.2025, 08:59

Қаржылық мониторинг агенттігі төрағасының орынбасары Жеңіс Елемесов Перизат Қайраттың ісіне қатысты жаңа мәліметтерді айтты, деп хабарлайды Juzmedia.kz.

ТЕРГЕУ ҚАШАН АЯҚТАЛАДЫ?

Елемесовтің айтуынша, Перизат Қайратқа қатысты қылмыстық іс Қылмыстық кодекстің 190-бабы (Алаяқтық), сондай-ақ, 218-бабы (Қылмыстық жолмен алынған ақшаны заңдастыру) бойынша тергеліп жатыр.  Қылмыстық іс заттай дәлелдерді санамағанда 100 томнан тұрады

Қазір тергеу соңғы сатысында тұр. Оны наурыз айында тараптардың қарауына беру жоспарланып отыр.

“Бірнеше эпизод тергеліп жатыр: Палестина тұрғындарына қайырымдылық жасауға, сондай-ақ, су тасқынының салдарына жиналған ақша бойынша тергеу жүріп жатыр. Қаңтардың аяғында жаңа эпизод тіркелді, ол мүгедек балаларға арналған оңалту орталығын құру үшін аукцион ұйымдастырып, ақша жинаған. Осылайша шамамен 22 миллион теңгеге жуық қаражат жинап, оны да өз қажеттіліктеріне жұмсаған", - деді Жеңіс Елемесов Мәжіліс кулуарында.

ПЕРИЗАТТЫҢ АНАСЫ ДА КҮДІККЕ ІЛІНДІ

Қазір қамауда отырған блогерге қатысты іске оның анасы да күдікті ретінде тартылған.

“Перизат Қайраттың анасы Алашбаеваға қатысты қылмыстық іс тіркелген. Ол алаяқтық пен ақшаны жылыстатуға қатысы бар деген күдікке ілінді. Әзірге біз оған қатысты ешқандай қылмыстық санат бекітілген жоқ және оған қатысты ешқандай алдын алу шарасын таңдаған жоқпыз”, - деді Елемесов.

Айта кетсек, сот Перизат Қайраттың қамауда отыру мерзімін ұзартқан болатын

ОҚИҒАНЫҢ МӘН-ЖАЙЫ

Еске салайық, Перизат Қайратқа қатысты іс алаяқтық және ақшаны жылыстату баптары бойынша тергеліп жатыр.

2024 жылы 14 қарашада Қаржылық мониторинг агенттігі Перизат Қайрат 1,5 миллиард теңге жымқырды деген күдікке ілінгенін хабарлады

Сонымен қатар ол 2023 жылғы қарашада Палестина тұрғындарына гуманитарлық көмек көрсету үшін қаражат жинап, оның 200 миллионын қалтасына басқан деген күдікке ілінді.

2024 жылы 16 қарашада Астана қаласының тергеу соты Перизат Қайрат 2 айға қамауға алынғанын хабарлады

2024 жылы 13 желтоқсанда Перизат Қайраттың элиталық пәтерлері, қымбат көліктері бұғатталды. Сондай-ақ Перизат Қайраттың тұрғылықты жерін тінту барысында қайырымдылыққа жиналған қаражатқа сатып алынған қымбат техника, Cartier, Graff, Rolex, Bulgari, Gucci, Louis Vuitton, Versace, Chopard, Hermes, Dolce & Gabbana, Prada және т. б. сияқты танымал әлемдік брендтердің киімдері, аяқкиімі, зергерлік бұйымдары, сөмкелері тәркіленді

Juzmedia

«Juzmedia» - ақпараттық-ағартушылық портал. Қазақ қоғамының өсуі, өзгеруі тұсында болып жатқан құбылыстарды мүлт жібермейтін сенімді ақпарат көзі. Атауына қатысты түсініктеме бере кетсек: Елде болып жатқан әр іс-әрекеттің сыртында адам, адамның бет-бейнесі, ЖҮЗІ бар. Яғни, жауапкершілігі, ар-ожданы деген сөз. Мейлі қарапайым адам, мейлі шенеунік осы түсінік аясынан алшақтамаса.