Павлодарда апелляциялық сот адам өлімімен аяқталған төбелес үшін 4,5 жылға сотталған 21 жастағы Жоламан Құсайыновтың ісін қарады, деп хабарлайды Juzmedia.kz.
ЖОЛАМАН ҚҰСАЙЫНОВТЫҢ ІСІ ҚАЙТА ҚАРАЛДЫ
Бұл туралы сотталушының қорғаушысы, қоғамға “Бишімбаевтың адвокаты” деп танылған Ерлан Ғазымжанов хабарлады.
“Қылмыстық кодекстің 106-бабының 3-бөлігі ҚК-нің 112-бабының 2-бөлігіне қайта дәрежеленді. Жаза 1 жылға дейін қысқартылды. Жоламанның тергеу изоляторында өткізген алты айы 2 тәулікке 1 тәулік болып есептелді. Олар оны сот залында босатты”, - деп түсіндірді Құсайыновтың қорғаушысы.
ОҚИҒАНЫҢ МӘН-ЖАЙЫ
2024 жылдың жазында Павлодардағы «Гоголь» барының жанында болған төбелес салдарынан 23 жастағы Сергей Сухоносенко көз жұмған болатын. Оның өліміне кінәлі деп танылған сот шешімен Жоламан Құсайынов 4,5 жылға бас бостандығынан айырылған еді.
Бейнебақылау камерасының жазбасында Сергейдің бірінші болып Жоламан мен оның достарына жақындағаны, артынша пышағын суырып алғаны бейнеленген. Төбелес куәгерлердің көзінше болғанымен, ешкім араша түспеген. Видеода біраз уақыттан кейін Сергейдің жерге құлап, қайта тұрмай қалғаны көрсетілген. Адвокат Ерлан Ғазымжановтың айтуынша, сараптама қорытындысы көрсеткендей, оның өліміне миына қан құйылғаны себеп болған.
ҚОРҒАУШЫ ТАРАП ПЕН АЙЫПТАЛУШЫ ТАРАП НЕ ДЕДІ?
Қорғаушы тарап Құсайыновтың Сухоносенконы өлтіру ниеті болмағанын, тек өзін қорғағанын айтады. Алайда сот оны Қылмыстық кодекстің 106-бабы 3-бөлігі– адам өліміне әкеп соқтырған денсаулыққа қасақана ауыр зиян келтіру бойынша кінәлі деп тапты.
“Жоламанның бұл бап бойынша да кінәсі жоқ екеніне сенімдіміз. Ол ауыр зиян келтіруді көздемеген және оның соққылары қасақана емес және болжамды өлімге әкелуі мүмкін емес еді”, - дейді адвокат Ғазымжанов.
Ол сондай-ақ сараптама Сергейдің қанында алкогольдің ізі табылғанын, ал Жоламанның сау болғанын атап өтті. Бұл ретте Құсайыновтың кәсіби спортшы екенін және еркін күреспен айналысатынын айта кеткен жөн.
Бірінші сот Жоламан Құсайыновты 4,5 жылға бас бостандығынан айыру жазасын жалпы режимдегі колонияда өтеу туралы үкім шығарды. Алайда екі жақ та апелляциялық шағым түсірді: қорғаушы тарап үкімнің күшін жоюды, ал марқұмның отбасы мен прокуратура жазаны күшейтуді талап етті. Прокурор 4,5 жыл өте жеңіл мерзім екенін айтып, жазаны 8 жылға дейін ұлғайтуды талап етті.
«Juzmedia» - ақпараттық-ағартушылық портал. Қазақ қоғамының өсуі, өзгеруі тұсында болып жатқан құбылыстарды мүлт жібермейтін сенімді ақпарат көзі. Атауына қатысты түсініктеме бере кетсек: Елде болып жатқан әр іс-әрекеттің сыртында адам, адамның бет-бейнесі, ЖҮЗІ бар. Яғни, жауапкершілігі, ар-ожданы деген сөз. Мейлі қарапайым адам, мейлі шенеунік осы түсінік аясынан алшақтамаса.