homepage
Фото: 01pk/instagram

Перизат Қайрат ісінде жаға ұстатар жаңа деректер жарияланды

21.02.2025, 07:19

2025 жылдың 23 қаңтарында Перизат Қайратқа қатысты мүгедек-балаларға арналған оңалту орталығын салуға ақша жинау алаяқтығы бойынша сотқа дейінгі жаңадан тергеу тіркелді, деп хабарлайды Juzmedia.kz.

ЖИНАЛҒАН 22 МЛН ТЕҢГЕНІ ӨЗІ «ЖЕП ҚОЙҒАН»

Қаржылық мониторинг агенттігінің хабаралуынша, Перизат Қайрат 2021 жылдың қараша айында Ақмола облысында «Батыр» қоғамдық бірлестігіне оңалту орталығын салу үшін ақша жинау мақсатында қайырымдылық аукционын ұйымдастырған.

Жұрттың сенімін арттыру үшін оңалту орталығына мұқтаж мүгедек-балалар мен олардың ата-аналарын іс-шараға тартқан.

“П. Қайрат тарапынан таратылған жалған деректер бойынша 48 миллион теңге жиналып, құны 100 миллион теңге ғимарат сыйға тартылған. Алайда аукцион кезінде шын мәнінде 22 миллион теңге түскен, осы ақшаны ол өзінің жеке қажетіне жаратқан”, - делінген ҚМА хабарламасында.

ЖОҚ ҒИМАРАТТЫ «САТЫП АЛҒАН»

Сонымен қатар П.Қайрат “Батыр” қоғамдық бірлестігі үшін құны 30 миллион теңге жер телімін сатып алғанын мәлімдеген, алайда бұл участокты 2019 жылы бірлестік өзі сатып алған.

Оңалту орталығының құрылысы әлі басталмаған қалпында тұр.

“Орталықтың қажеттілігіне берілді деген ғимарат мүлдем жоқ болып шықты”, – дейді ведомство өкілдері.

Сотқа дейінгі тергеу жалғасуда.

Тергеу мүддесіне байланысты басқа ақпарат жарияланбайды.

ҚЫЛМЫСТЫҚ ІС 100 ТОМНАН АСТАМ ҚҰЖАТТЫ ҚАМТИДЫ

Айта кетейік, Перизат Қайрат көктемгі су тасқынынан зардап шеккен азаматтарға, сондай-ақ Палестина тұрғындарына гуманитарлық көмек ретінде жиналған 1,7 миллиард теңгеден астам қаржыны жымқырды деген күдікке ілінді. ҚМА хабарлағандай, Перизат Қайрат жақын достары мен туыстарын өз ісіне тартып, олар 8% ақыға қордың ақшасын аударып беріп отырған. Ол тергеуге дейін қамауға алынды.

Сондай-ақ Перизат Қайраттың анасы да тергеу ісіне тартылды. Ғайни Алашбаева алаяқтық пен ақшаны жылыстатуға қатысы бар деген күдікке ілінді. Қазіргі уақытта оған қатысты ешқандай бұлтартпау шарасы таңдалған жоқ, оның іс-әрекетінің соңғы санаты анықталмаған.

Қаржы мониторингі агенттігі төрағасының орынбасары Жеңіс Елемесовтың айтуынша, қылмыстық іс заттай дәлелдемелерді есептемегенде 100-ден астам томды қамтиды.

Juzmedia

«Juzmedia» - ақпараттық-ағартушылық портал. Қазақ қоғамының өсуі, өзгеруі тұсында болып жатқан құбылыстарды мүлт жібермейтін сенімді ақпарат көзі. Атауына қатысты түсініктеме бере кетсек: Елде болып жатқан әр іс-әрекеттің сыртында адам, адамның бет-бейнесі, ЖҮЗІ бар. Яғни, жауапкершілігі, ар-ожданы деген сөз. Мейлі қарапайым адам, мейлі шенеунік осы түсінік аясынан алшақтамаса.