Мемлекет басшысы көрнекті жазушы, драматург Дулат Исабековтің отбасы мен жақын туыстарына көңіл айту жеделхатын жолдады, деп хабарлайды Juzmedia.kz.
ПРЕЗИДЕНТ КӨҢІЛ АЙТТЫ
Ақорданың баспасөз қызметінен хабарлағандай, Президент Қасым-Жомарт Тоқаев көрнекті жазушы, драматург, Қазақстанның Еңбек Ері, Мемлекеттік сыйлықтың иегері Дулат Исабековтің дүниеден өтуіне байланысты оның отбасы мен жақын туыстарының қайғысына ортақтасып, көңіл айтты.
– Дулат Исабекұлы ұлағатты ғұмырын ұлт әдебиетіне арнаған, тағылымды туындыларымен оқырман санасына шамшырақ бола білген нағыз дегдар тұлға еді.
Халқымыздың рухани әлемін байытуда, ұлттық прозамыздың көкжиегін кеңейтуде аянбай тер төгіп, өнегелі өмір сүрді. Қуатты қаламынан туған сүбелі шығармалары, драмалық еңбектері әлем сахналарын бағындырып, дүние жүзіне киелі сөз өнерімізді дәріптеді.
Соңына әдеби мол мұра қалдырған Дулат Исабекұлының жарқын бейнесі мен ардақты есімі халқымыздың жүрегінде мәңгі сақталады. Марқұмның иманы саламат, жаны жәннатта болсын, – делінген жеделхатта.
83 ЖАСҚА ҚАРАҒАН ШАҒЫНДА ДҮНИЕ САЛДЫ
Қалың қазақтың қабырғасын қайыстырған қаралы хабарды Қазақстан Жазушылар одағы төрағасының орынбасары Қасымхан Бегманов әлеуметтік желідегі парақшасы арқылы естіртті.
«Қайран, Дулат ағам - ай, мынау жарық дүниеден Сіздің де кеткеніңіз бе? Осы қазір ғана, он - он бес минут бұрын Естияр Дулатұлы інішегім маған осынау алапат қайғылы хабарды жылап тұрып жеткізді. Қазақстан Жазушылар одағының Төрағасы Мереке Әбдешұлына, қалабасының төңірегіндегі жігіттерге, басқа да ел ағаларына қаралы хабарды жеткіздім. Қазір өзім ағамның үйіне қарай кетіп бара жатырмын...Иә, Қазақстанның Еңбек Ері, қазақ әдебиетінің классигі, жазушы-драматург Дулат Исабеков өмірден өтті.Қазақ халқына қатты қайғырып көңіл айтамын, - деп жазды Қасымхан Бегманов.
ЖАЗУШЫНЫҢ ӨМІР ЖОЛЫ
Дулат Исабеков 1942 жылы Оңтүстік Қазақстан облысы, Арыс ауданы, «Ленин жолы» ауылында туған. 1963 жылы әл-Фараби атындағы Қазақ мемлекеттік университетін бітірген.
Жазушы әр жылдары Қазақ КСР Телевизия және радиохабар жөніндегі мемлекеттік комитетінде аға редактор (1967-1968), Қазақ Совет энциклопедиясы бас редакциясында аға ғылыми редактор (1968-1970), «Жұлдыз» журналында бөлім меңгерушісі (1971-1976), «Жалын» баспасында редакция меңгерушісі (1976-1980) болған.
Қазақ КСР Мәдениет министрлігі репертуарлық-редакциялық коллегияның бас редакторы (1980-1988), Қазақ теледидарының бас редакторы (1988-1992), «Жазушы» баспасының директоры (1992-1995), Қазақстан Жазушылар одағының хатшысы, ҚР Мәдениеттану ғылыми зерттеу институтының директоры болып еңбек еткен.
«Juzmedia» - ақпараттық-ағартушылық портал. Қазақ қоғамының өсуі, өзгеруі тұсында болып жатқан құбылыстарды мүлт жібермейтін сенімді ақпарат көзі. Атауына қатысты түсініктеме бере кетсек: Елде болып жатқан әр іс-әрекеттің сыртында адам, адамның бет-бейнесі, ЖҮЗІ бар. Яғни, жауапкершілігі, ар-ожданы деген сөз. Мейлі қарапайым адам, мейлі шенеунік осы түсінік аясынан алшақтамаса.