Қайғылы жағдай 9 жыл бұрын тексеру кезіндегі салғырттықтан болған, деп хабарлайды Juzmedia.kz.
СОТТАЛУШЫЛАРҒА ҚАНДАЙ АЙЫП ТАҒЫЛДЫ
Павлодар облысы Баянауыл аудандық соты тау-кен жұмыстарын жүргізу кезінде “Майқайыңалтын” АҚ-ның заңбұзушылықтарына көз жұмып қараған бұрынғы мемлекеттік қызметкерлерге сот үкімі шықты.
Облыстық өнеркәсіптік қауіпсіздік департаменті мемлекеттік қадағалау бөлімінің бұрынғы басшысы мен бас маманы немқұрайлылық танытты деген айыппен сотталды.
Олардың 2016 жылы кәсіпорынды тексеру кезіндегі салғырттығы салдарынан бетон қоспасын төсеу кезіндегі заңбұзушылықтар түзетілмей, кейіннен қайғылы жағдайға әкеп соққан. Яғни, шахтадағы жер опырылып, құтқарушылар мінген автобус алып шұңқырға құлап кеткен.
“Сотталушы О. Қазақстан Республикасы Қылмыстық кодексінің 371-бабының екінші бөлігінде көзделген құқықбұзушылықты жасағаны үшін кінәлі деп танылып, оған өнеркәсіптік қауіпсіздік саласындағы қадағалау және бақылаумен байланысты лауазымдарды атқару құқығынан айыра отырып, 3 жылға бас бостандығынан шектеу жазасы тағайындалды”, - деп хабарлады сот.
СОТ ҚАНДАЙ ҮКІМ ШЫҒАРДЫ?
Басқарманың бас маманы екі жылға бас бостандығынан айырылып, 3 жылға қауіпті өндірістік объектілердегі қауіпсіздікті бақылау мен қадағалауға байланысты лауазымдарды атқаруға тыйым салынды. Қайғылы оқиға кезінде бұл мамандар басқармада жұмыс істемеген.
Еске салсақ, 2024 жылдың 4 қаңтарына қараған түні Павлодар облысында “РЦШ ПВАСС” ЖШС құтқарушылары мінген автобус алып шұңқырға құлап кеткен болатын. Оқиға салдарынан 4 адам қаза тапты.
«Juzmedia» - ақпараттық-ағартушылық портал. Қазақ қоғамының өсуі, өзгеруі тұсында болып жатқан құбылыстарды мүлт жібермейтін сенімді ақпарат көзі. Атауына қатысты түсініктеме бере кетсек: Елде болып жатқан әр іс-әрекеттің сыртында адам, адамның бет-бейнесі, ЖҮЗІ бар. Яғни, жауапкершілігі, ар-ожданы деген сөз. Мейлі қарапайым адам, мейлі шенеунік осы түсінік аясынан алшақтамаса.