homepage
Іnstagram.com/zakiyevadinara

"Қираған ғимаратта тұрып, спортзалда тамақтанады": Зәкиева Алматы облысындағы мектеп-интернат балалары туралы

23.02.2025, 06:16

Бала құқықтары жөніндегі уәкіл Динара Зәкиева «Балалар қорғауда» қорының жетекшісі Жанна Ахметовамен бірге Алматы облысындағы И. Нүсіпбаев атындағы мектеп-интернатындағы балалардың тұрмыс жағдайын зерттегенін мәлім етті. Бұл туралы ол Instagram желісіндегі парақшасында айтты, деп хабарлайды Juzmedia.kz.

170 БАЛА АУЫР ЖАҒДАЙДА ӨМІР СҮРІП ЖАТЫР

Зәкиеваның айтуынша, 6 және одан жоғары жастағы 170 бала ауыр жағдайда өмір сүріп жатыр. Үш жыл бұрын мектеп-интернатта күрделі жөндеу жұмыстары басталып, мердігер жұмысты аяғына дейін жеткізбей, тастап кеткен.

“Соның салдарынан балалар жартылай қираған ғимаратта тұрып, оқу корпусында түнеп, спорт залда тамақтануға мәжбүр”, - деп жазды Балалар құқығы жөніндегі уәкіл.

Зәкиева облыс әкімі Марат Сұлтанғазиевтің қатысуымен өткен жиында осы мәселенің шешімін, сондай-ақ өңірдегі балалардың қауіпсіздігіне қатысты тағы екі мәселе талқыланғанын жеткізді.

“Әкімдік жөндеу жұмыстарын аяқтау немесе жаңа мектеп-интернат салу мәселесін қарастырған. Алайда балалардың осындай жағдайда қалып қоймауы үшін кеше оларды жақында жөндеуден өткен және бос орындары бар басқа мектеп-интернатқа ауыстыру туралы шешім қабылданды”, - деді Д. Зәкиева.

ҚОРҒАНШЫЛЫҚ ЖӘНЕ ҚАМҚОРШЫЛЫҚ ОРГАНДАРЫ ҚЫЗМЕТКЕРЛЕРІНІҢ САНЫ АРТУЫ ТИІС

Сондай-ақ жиында Психологиялық қолдау орталығының жұмысы және 5 мың балаға бір қызметкердің нормасына қатысты қабылданған заңға сәйкес қорғаншылық және қамқоршылық органдары қызметкерлерінің санын арттыру мәселелері талқыланды.

“Облыста 109 қызметкер, әр ауданда 10 қызметкер болуы тиіс. Бұл жүйенің тиімді жұмыс істеуі, балаларды қорғау және зорлық-зомбылықтың алдын алу шараларын сапалы жүргізу үшін, әсіресе облыстағы зорлық-зомбылыққа қатысты күрделі жағдайды ескерсек, өте маңызды”, - деді Зәкиева.

Бала құқықтары жөніндегі уәкіл сондай-ақ өңірлік уәкіл Айгүл Есімбековамен және психологиялық қолдау орталығының қызметкерлерімен кездесті. Қазір орталық кураторлары суицидтің алдын алудың бірыңғай бағдарламасын жүзеге асыру үшін мектептерді аралап жүр.

Juzmedia

«Juzmedia» - ақпараттық-ағартушылық портал. Қазақ қоғамының өсуі, өзгеруі тұсында болып жатқан құбылыстарды мүлт жібермейтін сенімді ақпарат көзі. Атауына қатысты түсініктеме бере кетсек: Елде болып жатқан әр іс-әрекеттің сыртында адам, адамның бет-бейнесі, ЖҮЗІ бар. Яғни, жауапкершілігі, ар-ожданы деген сөз. Мейлі қарапайым адам, мейлі шенеунік осы түсінік аясынан алшақтамаса.