homepage
nu.edu.kz

Назарбаев Университетіндегі шу: дәретханада қыздарды видеоға түсірген студент ұсталды

27.02.2025, 13:44

Астанада полицейлер әйелдер дәретханасында қыздарды жасырын камераға түсіріп алған Назарбаев Университетінің студентін ұстады, деп хабарлайды Juzmedia.kz.

ЖЕЛІДЕ ТАРАҒАН АҚПАРАТ ҚОҒАМДЫҚ РЕЗОНАНС ТУҒЫЗДЫ

Еліміздегі озық университет саналатын Назарбаев Университетінен шу шықты. Threads әлеуметтік желісінде студенттердің бірінің дәретханада қыздарды жасырын камераға түсіріп жүргені туралы ақпарат тарады.

Жазба авторы университет басшылығын жағдай туралы үнсіз қалмауға шақырып, зардап шеккендер үшін әділдік талап еткен.

"Назарбаев университетінің студенті қыздарды әйелдер дәретханасында видеоға түсіріп алған. Оның қолында әртүрлі жәбірленуші түскен 30 видео болған. Университет ресми мәлімдеме жасаған жоқ. Біз жәбірленушілер үшін әділдік талап етеміз!" - деп жазды желі қолданушысы.

Жазба астында пікір қалдырған желі қолданушылары мұндай келеңсіз оқиғаның еліміздің ең жетекші университеттерінің бірінде болғанына қынжылыс танытқан.   

УНИВЕРСИТЕТ ӨКІЛДЕРІ ҚАНДАЙ ПІКІР БІЛДІРДІ?

Аталған дерекке қатысты университеттің Студенттер ісі жөніндегі департаменті қызметтік тексеру жүргізіліп, айғақтар жиналып жатқанын хабарлады.

"Әйелдер дәретханасындағы бейнежазбаға қатысты оқиғадан туындаған алаңдаушылықтың маңыздылығын түсінеміз. Университет басшылығы бұл жағдайға аса жауапкершілікпен қарап отыр. Қазіргі уақытта сотқа дейінгі іс жүргізу аясында университет пен құқық қорғау органдарын тарта отырып, қызметтік тергеу жүргізіліп жатыр. Құқықтық нормаларға сәйкес, істің егжей-тегжейі жария етілмейді.

Университет кампуста қауіпсіздікті қамтамасыз ету үшін түбегейлі шаралар қабылдады. Бейнежазбаларға қатысқан студент университеттен шығарылды. Сонымен қатар университет студенттердің әл-ауқатын қорғау үшін барлық қажетті шараны жүзеге асырды”, - деді университеттің баспасөз қызметі.

ПОЛИЦИЯ НЕ ДЕЙДІ?

Ал өз кезегінде құқық қорғау органдары жаға ұстатарлық оқиғаның басты кейіпкері 2-курс студенті екенін анықтады.

“Полицейлер университет дәретханасында ұялы телефонына қызды түсіріп жүрген студентті анықтады. Әлеуметтік желілерге жүргізілген мониторинг барысында әйелдер әжетханасында заңсыз видео түсіру дерегі анықталды. Заңбұзушылықты 2-курс студенті жасағаны анықталды. Жауап алу кезінде оның қабырғалар арасындағы саңылау арқылы көрші кабиналарды қарағаны анықталды. Сот шешімімен ол әкімшілік жауапкершілікке тартылды”, - делінген полиция хабарламасында.

Астана полициясы оқу орындарында мұндай әрекеттерге жол беруге болмайтынын еске салып, моральдық-құқықтық нормаларды сақтауға шақырады.

Juzmedia

«Juzmedia» - ақпараттық-ағартушылық портал. Қазақ қоғамының өсуі, өзгеруі тұсында болып жатқан құбылыстарды мүлт жібермейтін сенімді ақпарат көзі. Атауына қатысты түсініктеме бере кетсек: Елде болып жатқан әр іс-әрекеттің сыртында адам, адамның бет-бейнесі, ЖҮЗІ бар. Яғни, жауапкершілігі, ар-ожданы деген сөз. Мейлі қарапайым адам, мейлі шенеунік осы түсінік аясынан алшақтамаса.