homepage
elordainfo.kz

Бүгін Қазақстанда Алғыс айту күні атап өтіледі

01.03.2025, 04:38

Бүгін Қазақстанда Алғыс айту күні атап өтіледі. 2016 жылдың 14 қаңтарынан бастап 1 наурыз – елімізде Алғыс айту күні деп жарияланған, деп хабарлайды Juzmedia.kz.

Алғыс айту күні - бейбітшілік пен достыққа, тыныштық пен ынтымаққа үндейтін мереке. Бұл кең құшақ құрмет - еліміздегі түрлі ұлт өкілдерінің арасындағы адамгершілік қарым-қатынастың өнегелі өлшеміне, халқымыз үшін айтулы ізгі дәстүрге айналды. Жалпы, бұл күн қиын-қыстау кезеңдерде қуаныш пен қайғыны қатар бөлісіп, пана бола білген қазақ халқына өзге ұлт өкілдерінің алғыс айтатын сәті.

Айта кетерлігі, 30 жыл бұрын дәл осы күні елімізде Қазақстан халқы Ассамблеясы құрылған болатын. 

 Осы атаулы күнге орай Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев қазақстандықтарды Алғыс айту күнімен құттықтады.

«Бұл жарқын мереке азаматтарымыздың бір-біріне деген ризашылығы мен тілектестігінің, шынайы құрметінің символы саналады.  Халқымыз ғасырлар бойы берекелі бірлігі мен туған жерге деген шексіз сүйіспеншілігінің арқасында ең күрделі сынақтар мен қатерлерді еңсере білді. Осы іргелі құндылықтар жалпыұлттық бірегейлігіміздің ажырамас бөлігіне айналды.

Биыл Қазақстан халқы Ассамблеясының құрылғанына 30 жыл толады. Бұл құрылым қоғамдағы өзара түсіністік пен келісімді нығайтуға өлшеусіз үлес қосып келеді.

Қазір біздің алдымызда жүйелі әрі ауқымды реформаларды жүзеге асыру міндеті тұр. Осы орайда, әр азаматтың ел тағдырына жауапты екенін толық сезіне білуі маңызды. Біз жұдырықтай жұмыла білсек қана, үйлесімді және әділетті қоғам құру жолында жетістікке жетеміз. Туған елдің игілігі үшін адал әрі тынымсыз еңбек етіп жүрген барша отандастарыма алғыс айтамын», - делінген Президент құттықтауында.

Juzmedia

«Juzmedia» - ақпараттық-ағартушылық портал. Қазақ қоғамының өсуі, өзгеруі тұсында болып жатқан құбылыстарды мүлт жібермейтін сенімді ақпарат көзі. Атауына қатысты түсініктеме бере кетсек: Елде болып жатқан әр іс-әрекеттің сыртында адам, адамның бет-бейнесі, ЖҮЗІ бар. Яғни, жауапкершілігі, ар-ожданы деген сөз. Мейлі қарапайым адам, мейлі шенеунік осы түсінік аясынан алшақтамаса.