homepage
Shutterstock

Былтыр Қазақстанда 37 ана өлімі мен 2,5 мың сәби өлімі тіркелген

02.03.2025, 06:03

Қазақстанда бір жылда 37 ана өлімі мен 2,5 мың сәби өлімі тіркелген. Бұл туралы Атырау облысында Мәжіліс депутаттарының мемлекеттік органдар өкілдерімен және сарапшылармен кездесуі барысында белгілі болды, деп хабарлайды Juzmedia.kz.

БІР ЖЫЛДА 97 БАЛА ЖЕТІМ ҚАЛҒАН

Атырау облысында Асхат Аймағамбетовтың төрағалығымен Әлеуметтік-мәдени даму комитеті мен Мәжіліс жанындағы Қоғамдық палатаның бірлескен көшпелі отырысында ана мен бала өлімін азайту мәселелері талқыланды.

Мәжіліс депутаты Нартай Сәрсенғалиев ресми органдар сәби өлімінің азайғанын айтса да, соңғы жылдың өзінде 2 500 сәби шетінеп кетуі жақсы көрсеткіш емес екенін алға тартты. Оның мәліметінше, 5 облыста – Абай, Ақтөбе, Алматы, Жетісу, Ұлытау облыстарында – сәби өлімі артқан.

«Келесі өзекті мәселе – ана өлімі. Қазақстанда 2021 жылы – 200, 2022 жылы – 70, 2023 жылы – 45, 2024 жылы 37 ана босану үстінде жан тапсырған. Соңғы 6 жылдың дерегін салыстырсақ, Қазақстанның 10 облысында ана өлімі көбейген.

2024 жылдың қорытындысы бойынша қайтыс болған аналардың 54 пайызы қалада, 46 пайызы ауылда тұрған. Әсіресе төрт және одан да көп баласы бар әйелдердің өлімі көбейіп, 97 баланың жетім қалғаны алаңдатады», - деді Нартай Сәрсенғалиев.

Депутаттың айтуынша, босану кезінде қайтыс болған әйелдердің 38 пайызы облыстық перинаталдық орталықтарда, 24 пайызы көпбейінді ауруханаларда болған. Сондай-ақ облыс орталығынан шалғай ауылдар мен аудандарда жүктілігі ауыр өткен әйелдерді емдеуге арналған орталықтардың тапшы болуы, медициналық жабдықтардың тозуы мен медициналық мекемелердің нашар жабдықталуы, жасөспірімдер жүктілігі мен түсік жасату мәселелерін көтерді.

БЫЛТЫР СӘБИ ӨЛІМІНІҢ ЕҢ ТӨМЕНГІ КӨРСЕТКІШІНЕ ҚОЛ ЖЕТКІЗІЛГЕН

Өз кезегінде Денсаулық сақтау вице-министрі Ержан Нұрлыбаев мемлекеттік бағдарламаларды жүзеге асыру нәтижесінде 2024 жылы тәуелсіздік тарихындағы сәби өлімінің ең төменгі көрсеткішіне қол жеткізгенін атап өтті. Көрсеткіш 1000 балаға шаққанда 7,05-ті құрады. Сонымен қатар ана өлімі бойынша да ең аз статистика тіркелген. Көрсеткіш 1992 жылғы 76,8-ден 2024 жылғы 10,1-ге дейін, яғни, 7,6 есе төмендеген.

«Министрлік 2024 жылдың тамызында «Әрбір әйел – әрбір бала» атты ана мен бала денсаулығын қорғау қызметін дамытудың 2024-2030 жылдарға арналған іс-шаралар жоспарын бекітті. Ол ұлттық және халықаралық стратегиялық құжаттарға негізделген. Жоспардың негізгі және басым міндеттеріне кешенді қызметтерді көрсетуді қамтамасыз ету, профилактикалық іс-шараларды жетілдіру, қызметкерлердің біліктілігін арттыру, материалдық-техникалық базаны жетілдіру, медициналық-санитарлық-техникалық базаны жетілдіру, салааралық және ведомствоаралық ынтымақтастықты нығайту кіреді», - деді Денсаулық сақтау вице-министрі.

Талқылау барысында депутаттар мен Қоғамдық палата мүшелері мамандар даярлау, әлеуметтік қолдау, шалғай ауылдардың тұрғындарына медициналық көмектің қолжетімділігі, ана мен баланы өлімнен арашалап қалған дәрігерлерге үстемқы төлеу, ерте жүктіліктің алдын алу, босанған ана мен өмірге келген сәбидің денсаулығы мен күтімі, мамандардың мемлекеттік ауруханалардан жеке клиникаларға кетуі және басқа да мәселелерді көтерді.

Сөз соңында Асхат Аймағамбетов дәрі-дәрмекпен қамтуды қайта қарау, перинаталдық орталықтардың материалдық-техникалық базасын жақсарту жұмыстарын күшейту қажеттігін атап өтті. Сонымен қатар комитет төрағасы акушер-гинекологтардың жұмысының күрделілігіне қарай сараланған еңбекақы төлеуді енгізуді, нақты жетіспеушілік болған жерлерге мақсатты оқытумен атаулы білім гранттарын енгізуді ұсынды. Жиын барысында айтылған осы және өзге де ұсыныстар жинақталып, Үкіметке жолданатын болады.

Juzmedia

«Juzmedia» - ақпараттық-ағартушылық портал. Қазақ қоғамының өсуі, өзгеруі тұсында болып жатқан құбылыстарды мүлт жібермейтін сенімді ақпарат көзі. Атауына қатысты түсініктеме бере кетсек: Елде болып жатқан әр іс-әрекеттің сыртында адам, адамның бет-бейнесі, ЖҮЗІ бар. Яғни, жауапкершілігі, ар-ожданы деген сөз. Мейлі қарапайым адам, мейлі шенеунік осы түсінік аясынан алшақтамаса.