homepage
Видеодан кадр

Костенко шахтасындағы 46 кеншінің өлімі: қылмыстық істі қарау басталды

05.03.2025, 12:05

Қайғылы оқиға салдарынан тағы 28 кенші жарақат алған болатын
Қарағанды сотында Костенко шахтасындағы жарылысқа қатысты қылмыстық істі қарау басталды, деп хабарлайды Juzmedia.kz.
АЛДЫН АЛА СОТ ТЫҢДАУЫ БАСТАЛДЫ
Бас прокуратураның баспасөз қызметінен хабарлағандай, "АрселорМиттал Теміртау" АҚ Костенко атындағы көмір шахтасындағы жарылысқа қатысты қылмыстық іс бойынша алдын ала сот тыңдауы басталды.

«2023 жылғы 28 қазанда жерасты тазарту қазбаларында болған қайғылы оқиға салдарынан 46 кенші қаза болып, тағы 28 кенші жарақат алған. Сот отырысына мемлекеттік айыптаушылар, жәбірленушілер, олардың өкілдері, сотталушылар мен қорғаушылар қатысты»,- делінген хабарламада. 

10 АДАМ ЖАУАПҚА ТАРТЫЛДЫ
Еске салайық, қылмыстық істі бас прокуратура тергеп, нәтижесінде шахта басшылығы мен инженерлік-техникалық қызметкерлердің қатарынан 10 адам сотқа тартылды. Барлығына ҚР қылмыстық кодексінің 277-бабының 3-бөлігі бойынша айып тағылды (тау-кен жұмыстарын жүргізу кезінде қауіпсіздік ережелерін бұзу). 
Сотталушылар қамауда. Іс бойынша 74 адам жәбірленуші деп танылды.

Қылмыстық іс Қазақстан Республикасы ІІМ қылмыстық-атқару жүйесі комитетінің "№61 мекеме" РММ ғимаратында қаралады.

Juzmedia

«Juzmedia» - ақпараттық-ағартушылық портал. Қазақ қоғамының өсуі, өзгеруі тұсында болып жатқан құбылыстарды мүлт жібермейтін сенімді ақпарат көзі. Атауына қатысты түсініктеме бере кетсек: Елде болып жатқан әр іс-әрекеттің сыртында адам, адамның бет-бейнесі, ЖҮЗІ бар. Яғни, жауапкершілігі, ар-ожданы деген сөз. Мейлі қарапайым адам, мейлі шенеунік осы түсінік аясынан алшақтамаса.