Талғардағы 16 жастағы Шерзат Полаттың өліміне қатысты іс зерделеу және айыптау актісін жасау үшін прокуратураға жолданды. Бұл туралы ҚР Бас прокурорының орынбасары Әсет Шындалиев мәлім етті, деп хабарлайды Juzmedia.kz.
11 АДАМ ТЕРГЕЛІП ЖАТЫР
Сенатта өткен брифингте ведомство басшысының орынбасары іс материалдары қазірдің өзінде Алматы облысы прокуратурасына жіберілгенін, онда айыптау актісі дайындалып жатқанын айтты.
«Қазіргі уақытта прокуратура жүргізілген тергеу әрекеттерінің заңдылығын толықтай тексеріп жатыр, оның қорытындысы бойынша істі сотқа жіберу-жіберу туралы шешім қабылданады. Әзірге нақты күнін атай алмаймын, өйткені заң бойынша мұндай шешімдер әдетте 10 күн ішінде қабылданады, бірақ істер күрделі болса, прокурордың мұндай шешімді бір ай ішінде шығаруға мүмкіндігі бар», - деді Шындалиев.
Ол сондай-ақ күдіктілердің саны өзгермегенін, 11 адам әлі тергеуде екенін айтты.
ШЕРЗАТТЫҢ ӘКЕСІНІҢ ҮЙІН ӨРТЕГЕНДЕР ӘЛІ ТАБЫЛМАҒАН
Журналистер Бас прокуратура өкілінен Шерзат Полаттың отбасы тұрған үйді қасақана өртеп жіберуге қатысты тергеу жұмыстары қалай жүріп жатқанын сұрады.
«Менің білуімше, сотқа дейінгі тергеу әлі жалғасып жатыр. Бірақ қандай нәтиже болатынын айта алмаймын», - деп жауап берді ол.
Тақырыпқа орай: Шерзатты өлтірді деген күдіктілер түрмеде туған күн тойлаған: полиция пікір білдірді
Бас прокурор орынбасарының айтуынша, өрт қоюға күдіктілер әлі табылған жоқ. БАҚ өкілдері сондай-ақ мемлекеттік органдар күдіктілерді таба алды ма деп сұрады.
«Жалпы қандай да бір ақпарат шықса, қоғам хабардар болады. Қазірші менде мұндай ақпарат жоқ», - деді Бас прокурордың орынбасары.
ОҚИҒАНЫҢ МӘН-ЖАЙЫ
Еске салайық, 2024 жылдың 4 қазанына қараған түні Талғарда 16 жастағы Шерзат Болат ата-анасының көз алдында айуандықпен өлтірілген болатын. Қылмысты жасады деген күдікпен 11 адам ұсталып, қамауға алынды.
Кісі өлтіру фактісін тергеуді ҚР Ішкі істер министрі Ержан Сәденов өз бақылауына алды.
Бірнеше күннен кейін, 12 қазанға қараған түні Азат ауылында Шерзат Болат отбасының үйі өртенді. Бас прокуратура үйді өртеп жіберген жауаптыларды табуға уәде берді.
Кейін Шерзаттың ағасы жұмбақ жағдайда қайтыс болды.
Сондай-ақ Шерзаттың әкесі Қаржаубай Нұрымовтың үстінен қылмыстық іс қозғалып, 15 тәулікке қамалды.
Қаңтар айында Шерзаттың өліміне қатысты тергеудің аяқталғаны хабарланған болатын.
«Juzmedia» - ақпараттық-ағартушылық портал. Қазақ қоғамының өсуі, өзгеруі тұсында болып жатқан құбылыстарды мүлт жібермейтін сенімді ақпарат көзі. Атауына қатысты түсініктеме бере кетсек: Елде болып жатқан әр іс-әрекеттің сыртында адам, адамның бет-бейнесі, ЖҮЗІ бар. Яғни, жауапкершілігі, ар-ожданы деген сөз. Мейлі қарапайым адам, мейлі шенеунік осы түсінік аясынан алшақтамаса.