homepage
Коллаж: Juzmedia.kz

"Балқадиша" – қазақтың салтын масқаралау үшін қайта жазылды – Илья Жақанов

26.03.2025, 14:12

Көрнекті композитор, өнер зерттеушісі Илья Жақанов қазақ ән өнерінің кеңестік идеология кезеңіндегі репрессияға ұшырау тарихын баяндай отырып, атақты «Балқадиша» әнінің де бұрмаланғанын атап өтті. Juzmedia-ға берген сұхбатында ол Ақан серінің төл туындысы болған бұл әннің мәтіні өзгертіліп, халық санасына мүлде басқа сипатта ұсынылғанын айтты.

«Ақан серінің жүрегінен шыққан әнінің түпнұсқасында Балқадиша өз сүйген адамына қосылады. Ал кеңестік кезеңде қазақтың дәстүрлерін «қыздарды байға сату, қалың малға беру» деп қаралау мақсатында әнге мүлде басқа мазмұн қосылды. Балқадишаны 85 жастағы шалға зорлап қосқан деген жалған оқиға таратылды. Оны кең насихаттау үшін радио мен концерттік бағдарламалар пайдаланылды. Егер әншілер сол нұсқада орындамаса, концертке шығуына тыйым салынатын», – дейді Илья Жақанов.

Бұл тек «Балқадиша» әніне ғана емес, көптеген дәстүрлі қазақ әндеріне жасалған қиянаттың бір көрінісі еді. Кеңестік идеология қазақ халқының мәдениеті мен тарихын өзгертіп, социалистік көзқарасқа сай келетін жаңа интерпретациялар енгізуді мақсат етті. Осылайша, халық әндері мен тарихи тұлғаларға қатысты түрлі жалған оқиғалар ойдан құрастырылып, кеңінен насихатталды. Радио мен газет-журналдар арқылы бұрмаланған нұсқалар халық санасына сіңірілді.

«Қыз едің Ыбекеңнің Балқадиша,

Өзенді өрлей біткен тал Қадиша.

80 қыз серуенге шыққан кезде,

Ішінде қара басың хан Қадиша» деп жазды. Бұл – Ақан серінің өзінің сөзі. Шынында Балқадиша өзінің сүйген адамына барған. Сол кезде радиомен халыққа кең таралып, халық айтып кетті. Оны айтпаса ешкімді концертке шығармайды. Концертке әнші шығып қалса, заң жүзінде жазаланатын», - деп еске алды композитор.

Илья Жақанов – қазақ музыкасын зерттеуші, композитор, жазушы, өнертанушы. Ол қазақтың көптеген халық әндерін зерттеп, олардың шынайы тарихын қалпына келтіруге зор еңбек сіңірді. Оның «Еділ мен Жайық», «Жайлаукөл кештері», «Әселім» секілді әндері ұлттық музыка қазынасына енді. Сонымен қатар қазақ музыкасының тарихына арналған көптеген зерттеулері мен мақалалары бар.

Juzmedia

«Juzmedia» - ақпараттық-ағартушылық портал. Қазақ қоғамының өсуі, өзгеруі тұсында болып жатқан құбылыстарды мүлт жібермейтін сенімді ақпарат көзі. Атауына қатысты түсініктеме бере кетсек: Елде болып жатқан әр іс-әрекеттің сыртында адам, адамның бет-бейнесі, ЖҮЗІ бар. Яғни, жауапкершілігі, ар-ожданы деген сөз. Мейлі қарапайым адам, мейлі шенеунік осы түсінік аясынан алшақтамаса.