1 сәуірден бастап Жапония астанасы Токио қаласы 4 күндік жұмыс аптасына көшті. Мұндай шешімге елдегі демографиялық ахуал сеп болып отыр. Былтыр Жапонияда 721 мың бала өмірге келген, бұл – 1899 жылдан бергі ең төменгі көрсеткіш, деп хабарлайды Juzmedia.
«Бала туып, оны тәрбиелеу үшін ешкім де өз мансабын құрбан етпеуі керек. Біз ол үшін жұмыс тәртібін икемдеуге әзірміз» дейді Токионың алғашқы әйел әкімі Юрико Коикэ. Осылайша енді Токионың мемлекеттік қызметкерлері аптасына үш күн демалады. Бұл отбасын құрмағандарға жеке өміріне уақыт бөліп, ал ата-аналарға бала тәрбиесімен көбірек айналысуға мүмкіндік бермек.
Бұлай етпеуге амал жоқ. Күншығыс елі шау тартып барады. Былтыр елдегі егде жастағы адамдар саны (65 жастан жоғары) рекордтық көрсеткішке жетіп, 36 млн-нан асты. Жұмыс күшінің тапшылығы ел экономикасының өсуін тежеп келеді. Өткен жылы Жапония әлемдегі алып экономикалардың үштігінен сырғып, орнын Германияға босатып берді. Бұл дәйек, әрине, ел билігін алаңдатпай қоймайды, жұмыс күші тапшылығын иммиграциялық саясатты босаңсытумен, роботтар санымен шешуге тырысып жатыр. Ал 4 күндік жұмыс аптасы демографиялық дағдарысты еңсере ме?
Аяулым Сағынбаева, демограф:
«Жалпы, жапондардың менталитетіне еңбекқорлық, жұмыс үшін жанқиярлық деген дүниелер тән. «Кароши», яғни жұмыстан зорығып ажал құшу әлі күнге дейін де кездеседі. Жастар отбасын кеш құрады. 4 күндік жұмыс аптасы демографиялық ахуалды сақтап қалады деу қиын. Жалпы, бұл құндылықтар мәселесіне байланысты деп ойлаймын. Мысалы, біздің елде отбасы құндылығы жоғары. Ал құндылықтарды қайта қарастыру қиын әрі ұзақ процесс».
ӘЛЕМ ЕЛДЕРІ МЕН 4 DAY WEEK GLOBAL
4 күндік жұмыс аптасының тиімділігін зерттеп, әлем елдерінде тәжірибе жүргізіп жүрген британдық коммерциялық емес ұйым бар. Оның негізін қалаушы Шарлотта Локхарт экономикалық дамуы мен саяси жүйесі әртүрлі 20 елде тәжірибе жүргізіп, мынадай қорытынды жасайды:
«Бұл бизнес үшін тиімді, қызметкерлер үшін қолайлы. Жүргізілген зерттеулер 4 күндік еңбек аптасында еңбек өнімділігі төмендемейді, керісінше, арта түскенін көрсетті».
Бельгия, БАӘ, Исландия, Литва, Франция елдері жұмыс аптасын қысқартып, өз азаматтарына «100-80-100» моделі бойынша жұмыс істеуге мүмкіндік берді. Яғни, 100% толық жалақы, 80% жұмыс уақыты, 100 өнімділік. Германия, Португалия, Британия, АҚШ, Канада, Бразилия, Оңтүстік Корея мемлекеттері қысқартылған жұмыс аптасын тәжірибеден өткізіп жатыр.
Алайда, бұл тәжірибенің теріс тұсы да жоқ емес. Бірқатар компаниялар «4 day week global» ұйымының тәжірибесіне қатысып, кейін қысқартылған жұмыс аптасына көшу идеясынан бас тартқан. Бірі мұндай жұмыс аптасы клиенттер үшін ыңғайсыз десе, енді бірі қосымша қызметкерлер жалдауға мәжбүр болған, енді бір компаниялар қызметкерлерінің жұмысқа деген қызығушылығы бәсеңсіп қалғанын алға тартады.
ҚАЗАҚСТАНДА ҚАЛАЙ?
2023 жылдың шілдесінен бастап Қазақстан қысқартылған жұмыс аптасына көшетіні хабарланған. Алайда екі жылға жуық уақыт ішінде бұл тәжірибе біздің елде таралып кете қойған жоқ. Еңбек кодексіне енгізілгенмен, іс жүзінде қанша компания мұндай форматта жұмыс істеп жатыр, нәтижесі қандай, әсері бар ма? Беймәлім. Министрлік үшін көптен қалмай заңға өзгеріс енгізу маңыздырақ, қалғанын өзара шешіп алар деген байламда болса керек.
Самира Тайтенова, заңгер:
«4 күндік жұмыс аптасы халықаралық алаңдарда талқыланып, содан Халықаралық еңбек ұйымын қолдайтын елдерге ұсыныс ретінде қарастыруға жіберілген. Соған орай ҚР заңнамасында 2023 жылдың 1 шілдесінен бастап жұмыс берушілер мен жұмыскерлер арасында 4 күндік жұмыс аптасы деген ұғым пайда болды. Кез келген жұмыс беруші 4 күндікке ауысу мүмкіндігі бар, бірақ ол міндет емес. Екіншіден, егер де жұмыс беруші мен жұмыскер 4 күндікке келісіп жатса, бұл жалақыға еш әсер етпеуі керек. Себебі, жұмыскер үшін талаптар мен жұмыс көлемі өзгермейді. Жалпы, бұл өзгерісті өзім қолдаймын, тек әр азаматтың еңбек құқығы сақталуы керек. Және мұндай жаңашылдыққа біздің жұмыс берушілердің өздері дайын емес секілді. Себебі, бизнес-процестерді оңтайландыру мен цифрландыру оңай шаруа емес».
Сапарбай Жобаева, экономист:
«Ия, 4 күндік жұмыс аптасының дамыған елдерде қызу талқыланып жатқанының бір себебі де осы - цифрландыруда, автоматтандыруда тұр, бұл процестер еңбек өнімділігін арттырды. Бірақ сол дамыған елдердің өзінде барлық сектор осы форматқа көшіп кетпейтіні анық. Әсіресе, өндірісте, транспорт саласында экономиканың өзге де күрделі салалары үшін бұл қиынға соғады. Екіншіден, бұл төлем мәселесі. Еңбекақы төлемінің екі әдісі бар, бірі - сағаттық, екіншісі еңбек өнімділігіне негізделеді. Қысқартылған жұмыс аптасы екеуіне де әсер етпесе, мүмкін онда бұл дұрыс та шығар. Ал Қазақстанға келсек, менің ойымша, дамыған елдер әбден тәжірибеден өткізіп, оң-терісін таразылап алған соң ғана, бір шешімге келуге болар еді деп ойлаймын. Яғни, бұл ретте бізге асығудың қажеті жоқ».
Ұлжан Сұлтанғазина, жеке кәсіпкер:
«Посткоронавирустық кезеңнен соң еңбек нарығы өзгерді, оны мойындау керек, бәлкім бейімделу де жөн болар. Мен қысқартылған жұмыс аптасын қолдаймын, әсіресе әйел қызметкерлер үшін мұндай жұмыс форматы оның мойнындағы жауапкершілікті жеңілдете түсер еді. Алайда бұл тәжірибенің тәуекелін де ескеру керек, аяғынан нық тұрған бизнестер болмаса, біз секілді жас кәсіптер жүрексінеді. Біздің нарық, жалпы қоғам мұндай жаңашылдықтарға дайын емес».
«Juzmedia» - ақпараттық-ағартушылық портал. Қазақ қоғамының өсуі, өзгеруі тұсында болып жатқан құбылыстарды мүлт жібермейтін сенімді ақпарат көзі. Атауына қатысты түсініктеме бере кетсек: Елде болып жатқан әр іс-әрекеттің сыртында адам, адамның бет-бейнесі, ЖҮЗІ бар. Яғни, жауапкершілігі, ар-ожданы деген сөз. Мейлі қарапайым адам, мейлі шенеунік осы түсінік аясынан алшақтамаса.