28 сәуірде Жетісу облысының мамандандырылған ауданаралық қылмыстық істер жөніндегі сотында Талғардағы қанды төбелеске қатысты сот процесі жалғасты. Куәгерлер Юлдаш Рузбакиев пен Дана Жақсыгелді оқиғаға қатысты маңызды деректерді айтты, деп хабарлайды Juzmedia.
Талғар тұрғыны, 19 жастағы Юлдаш Рузбакиев сотта берген жауабында оқиға орнына достарымен бірге үш көлікпен барғанын айтты. Оның сөзіне сенсек, ол келгенде жерде екі адам жатқан.
«Оқиғаның қаншалықты ауыр екенін бірден түсінбедік. Кейін сұр түсті көлік келді. Ер адам жараланғандарды көлікке салып, әйел адам жерде жатқан оқ-дәрілер мен қызғылт түсті кепканы алып кетті», – деді ол.
Рузбакиев оқиғадан кейін айыпталушыларды көлігімен тасымалдағанын айтты. Жолда олардың бірі оған болған жайт туралы “ешкімге тіс жарма” деп ескерткен.
«Нұрқиясты алып кетуімді сұрады. Олар мас күйде болды. Кейін көлікке Абзал мен бейтаныс қыз отырды. Жолда тағы бір қыз ауысып мінді. Абзал бұл "өздерінің темасы" екенін, бізге ештеңе айтпау керек екенін ескертті», – деді куәгер.
Сотта сол күні оқиға ортасында болған куәгер Дана Жақсыгелді де жауап берді. Ол жанжалдан кейін күдіктілердің Талғардағы "777" дүкеніне барғанын айтты.
«Көлікте отырған кезде алдыңғы орындықта мылтық жатқанын көрдім. "777" дүкеніне барған соң, дүкен ішінен Эльмира қолына сусын ұстап шықты. Кейін Абзал менен сусынды қолына құюды сұрады. Сол кезде мен сусынды құйып жатқанда оның қолынан пышақтың жүзін байқадым», – деді ол.
Дана Жақсыгелді кейін күдіктілердің Рысқұлов ауылына бет алғанын айтты. Жолда бір жерге тоқтаған кезде Шыңғыс есімді жас жігіт көліктен мылтық пен пышақты алып кеткен. Оралғанда олардың қолында ештеңе болмаған.
«Juzmedia» - ақпараттық-ағартушылық портал. Қазақ қоғамының өсуі, өзгеруі тұсында болып жатқан құбылыстарды мүлт жібермейтін сенімді ақпарат көзі. Атауына қатысты түсініктеме бере кетсек: Елде болып жатқан әр іс-әрекеттің сыртында адам, адамның бет-бейнесі, ЖҮЗІ бар. Яғни, жауапкершілігі, ар-ожданы деген сөз. Мейлі қарапайым адам, мейлі шенеунік осы түсінік аясынан алшақтамаса.