homepage
Фото: freepik.com

Мемлекеттік сатып алудағы заңбұзушылық: Жетісу облысында шенеунік жауапқа тартылды

29.04.2025, 06:50

Жетісу облысының Қаратал ауданында мемлекеттік сатып алу саласындағы заң талаптарының сақталуын тексерген прокуратура органдары бірқатар заңбұзушылықты әшкереледі, деп хабарлайды Juzmedia.kz.

Бас прокуратураның мәліметінше, аудандық тұрғын үй-коммуналдық шаруашылық (ТКШ) бөлімінің басшысы сумен жабдықтау желілерін салуға арналған конкурстың жеңімпазымен 100 миллион теңгеден астам сомаға келісімшарт жасаудан негізсіз бас тартқан. Кейін ол қайтадан конкурс өткізіп, басқа қатысушымен келісім жасасқан.

Сонымен қатар мердігердің техникалық талаптарға сай келмейтін тауарларды жеткізгеніне қарамастан, аудандық ТКШ бөлімі оларды қабылдап алған. Бұл мемлекеттік қаржының мақсатсыз жұмсалуына жол ашатын қауіп екенін көрсетеді.

Тексеру нәтижесінде лауазымды тұлға Әкімшілік құқық бұзушылық туралы кодекстің 207-бабының 3 және 10-2-бөліктері бойынша жауапкершілікке тартылып, 130 айлық есептік көрсеткіш (511 160 теңге) көлемінде айыппұл салынды.

«Прокурорлық қадағалау актісі бойынша мемлекеттік қызмет беделін түсіретін жағдайлар бойынша конкурс комиссиясының басқа да мүшелері тәртіптік жауапкершілікке тартылды, екі басшы мен төрт маманға қызметіне толық сай еместігі туралы ескерту жасалды», - делінген Бас прокуратураның ресми мәлімдемесінде.

Juzmedia

«Juzmedia» - ақпараттық-ағартушылық портал. Қазақ қоғамының өсуі, өзгеруі тұсында болып жатқан құбылыстарды мүлт жібермейтін сенімді ақпарат көзі. Атауына қатысты түсініктеме бере кетсек: Елде болып жатқан әр іс-әрекеттің сыртында адам, адамның бет-бейнесі, ЖҮЗІ бар. Яғни, жауапкершілігі, ар-ожданы деген сөз. Мейлі қарапайым адам, мейлі шенеунік осы түсінік аясынан алшақтамаса.