homepage
Фото: kazpravda.kz

Спорт саласындағы жемқорлық: Антикор бірқатар заңбұзушылықтарды әшкереледі

30.04.2025, 13:31

Жыл басынан бері спорт саласына қатысты 18 қылмыстық іс тіркелген. Тергеу нәтижесінде анықталған залал көлемі 800 млн теңгеден асты. Бұл қаражат жалған оқу-жаттығу жиындарын ұйымдастыру, жалақыны заңсыз төлеу, қымбат спорт жабдықтарын сатып алу кезіндегі заңбұзушылықтар арқылы ұрланған. Бұл туралы Антикор мәлімдеді, деп хабарлайды  Juzmedia.kz.

Атыраудағы атышулы істің бірі – облыстық дене шынықтыру және спорт басқармасының бұрынғы басшысы Д. Қоспановқа қатысты. Ол оқу-жаттығу жиындарына заңсыз жәрдемдескені және жалпы сомасы 2,4 млн теңге болатын пара алғаны үшін кінәлі деп танылып, 4 жылға бас бостандығынан айырылды. Сонымен қатар ол жұмыс істемеген тұлғаларға жалақы жазу арқылы 1,1 млн теңге бюджет қаражатын жымқырған.

Ұқсас оқиға Қарағандыда тіркелді. «Жастар» олимпиадалық резервінің футбол мектебінің басшысы Б. Нұрланов жалған жиындар арқылы 3 млн теңгеден астам қаражатты жымқырғаны үшін сотталып, 2 жылға бас бостандығынан айырылды.

Сондай-ақ, Спорт және дене шынықтыру істері комитетінің «Спортты дамыту дирекциясы» РМҚК директоры мен оның орынбасарына қатысты істе 397 млн теңгенің жымқырылғаны белгілі болды. Тергеу деректеріне сәйкес, бұл сома спорттық жабдықтарды сатып алу кезінде кәсіпкерлік субъектісімен сөз байласу арқылы иемделген.

Осыған ұқсас тағы бір факті Алматы облысында тіркелді. Онда бұрынғы басқарма басшысы жеке кәсіпкерден 8 млн теңге пара алды деген күдікпен 2024 жылғы 24 сәуірде қамауға алынды.

Бұдан бөлек, Батыс Қазақстан облысында футбол мен допты хоккейді дамытуға бөлінген 161 млн теңгенің жымқырылғаны анықталып, іс сотта қаралуда.

Juzmedia

«Juzmedia» - ақпараттық-ағартушылық портал. Қазақ қоғамының өсуі, өзгеруі тұсында болып жатқан құбылыстарды мүлт жібермейтін сенімді ақпарат көзі. Атауына қатысты түсініктеме бере кетсек: Елде болып жатқан әр іс-әрекеттің сыртында адам, адамның бет-бейнесі, ЖҮЗІ бар. Яғни, жауапкершілігі, ар-ожданы деген сөз. Мейлі қарапайым адам, мейлі шенеунік осы түсінік аясынан алшақтамаса.