homepage
Фото: freepik.com

Отбасылық жанжал адам өлімімен аяқталды: Шымкентте ер адам 10 жылға сотталды

30.04.2025, 12:59

Шымкент қаласының қылмыстық істер жөніндегі мамандандырылған ауданаралық сотында аса ауыр қылмысқа қатысты іс қаралды. Қылмыстық кодекстің 99-бабы 1-бөлігі – адам өлтіру бабы бойынша айыпталған К. есімді азаматқа үкім шығарылды, деп хабарлайды Juzmedia.kz.

Сотта анықталған мәліметтерге сәйкес, оқиға 2025 жылдың қаңтар айында Еңбекші ауданында орын алған. Сотталушы өзінің азаматтық некедегі әйелі П.-мен бірге үйінде спирттік ішімдік ішіп отырған. Сол сәтте арада жанжал туындап, ашуға булыққан ер адам үстел үстінде тұрған ас үй пышағын алып, әйелінің жүрек тұсына бірнеше рет соққы жасаған. Жәбірленуші оқиға орнында жан тәсілім етті.

«Сотталушы үстелдің үстінде тұрған ас үй пышағын алып, жәбірленушінің жүрегіне бірнеше рет соққы жасаған. Нәтижесінде жәбірленуші оқиға орнында қайтыс болған», – делінген сот үкімінде.

Сот отырысында ұсынылған дәлелдемелер – жәбірленуші өкілінің жауаптары, сот-медициналық сараптамалар, тінту хаттамалары мен заттай айғақтар – сотталушының кінәсін толық дәлелдеді. Прокурор тарапынан К.-ға бас бостандығынан айыру жазасын тағайындау сұралды. Жәбірленушінің өкілі бұл ұсыныспен келісті. Ал сотталушы өз кінәсін мойындап, жеңіл жаза сұраған.

«Сотталушы кінәсін мойындап, өзіне жеңіл жаза тағайындауды сұрады», – деп хабарлайды сот материалдары.

Сот айыпталушының бұрын сотты болмағанын жеңілдететін мән-жай ретінде есепке алып, оған 10 жыл мерзімге бас бостандығынан айыру жазасын тағайындады. Үкім әзірге заңды күшіне енген жоқ.

Juzmedia

«Juzmedia» - ақпараттық-ағартушылық портал. Қазақ қоғамының өсуі, өзгеруі тұсында болып жатқан құбылыстарды мүлт жібермейтін сенімді ақпарат көзі. Атауына қатысты түсініктеме бере кетсек: Елде болып жатқан әр іс-әрекеттің сыртында адам, адамның бет-бейнесі, ЖҮЗІ бар. Яғни, жауапкершілігі, ар-ожданы деген сөз. Мейлі қарапайым адам, мейлі шенеунік осы түсінік аясынан алшақтамаса.