Орал қаласында 9 жастағы Ануар Рахимов футбол ойнап жүріп, тоққа түсіп, денесінің 95 пайызын күйік шалып көз жұмды. Қайғылы оқиға 30 сәуір күні кешкісін Исатай-Махамбет көшесіндегі №82 үйдің жанында болды, деп хабарлайды Juzmedia.kz Мой город сайтына сілтеме жасап.
Куәгерлердің айтуынша, баланың добы сымдардың үстіне түсіп кеткен. Оны алмақ болған Ануар жақын маңдағы электр станцияның төбесіне шығып, тоққа түскен. Қатты жарақат алған бала облыстық балалар ауруханасына жеткізілді.
Денсаулық сақтау басқармасының мәліметінше, баланың денесінің 95 пайызы зақымданып, төртінші дәрежелі күйік алған. Жасанды тыныс алу аппаратына қосылған. Дәрігерлер оның жағдайын аса ауыр деп бағалаған. 1 мамыр күні Ануар көз жұмды. Полиция бұл факті бойынша сотқа дейінгі тергеу бастады.
Қайтыс болған баланың анасы — Тұрсынгүл Бисекенова болған жайттың егжей-тегжейін айтып берді. Оның айтуынша, 30 сәуір күні баласын мектептен алып келген. Ол тамақ ішіп, киімін ауыстырып, аулаға ойнауға кеткен.
«Дәл 19:00-де шықты, ал 19:20-да үлкен ұлыма достары хабарласып, інісі құлап, жедел жәрдем шақырылғанын айтты. Құлаған шығар деп ойладық, бірақ бұлай болар деп ешкім ойлаған жоқ. Барлығымыз – мен, қызым, ұлым – далаға жүгіріп шықтық. Балапаным жерде жатты. Үсті-басы түгел күйіп кеткен, тірі жері қалмаған. Бірақ ол кезде әлі тірі еді», — дейді анасы.
Ануар достарымен футбол ойнап жүрген. Доп электр станцияның төбесіне түсіп кетіп, бала жақын маңдағы ағаш бұтағына сүйеніп, ағаш тақтай арқылы жоғары шыққан.
«Ұлым тақтайға шығып, ағаштың бұтағынан ұстап, төбеге көтерілген. Допты теуіп жерге түсірген. Бірақ түсіп жатқанда қорқып, басқа жақпен түспекші болған. Ол жақта жоғары кернеулі тоқ бар — 10 мың вольт. Аяғы ілініп қалып, электр тоғына қосылған сымды ұстап қалған. Сөйтіп балам жанып кетті. Жанында болған балалар айқайлай бастаған. Өрт шықты. Бүкіл денесі отқа оранды», — дейді Тұрсынгүл Бисекенова.
Алғашқылардың бірі болып оқиға орнына келген ер адам баланы жерге түсіріп, киімін шешіп алуға тырысқан.
«Бүкіл денесі қап-қара болған. Мен далаға жүгіріп шыққанда, өз баламды тани алмадым. Тек алғашқы көмек көрсетуді, дереу ауруханаға апаруды айқайлап сұрап тұрдым», — дейді ол.
Дәрігерлер баланың өмірі үшін екі күн күресті. Бірінші күні оң қолы мен аяғын кесуге тура келген. Бірақ 1 мамыр күні сағат 22:30-да бала көз жұмды.
Анасы Ануардың тоғыз қабатты үйде тұратынын, бұл үйде 200-ге жуық отбасы барын, әр пәтерде бала бар екенін айтты. Бірақ балалар ойнайтын арнайы орын жоқ.
«Бұрын үйдің алдында алаң болған, бірақ онда доп ойнауға рұқсат жоқ. Ата-аналар ренжиді, өйткені алаңша кішкентай балаларға арналған. Балалар амалсыз қоқыс жәшіктерінің жанында, қолдан жасалған қақпа қойып футбол ойнайды. Бұл жер қоршалуы керек еді, кемі 4 метрлік тормен. Ең болмаса сол станция қорғалуға тиіс еді. Бүгін менің балам қайтыс болды, ертең басқа біреудің басына түсуі мүмкін», — деп көзіне жас алды анасы.
Тұрсынгүл Бисекенова мемлекеттің жауапкершілігі қайда деген сауал қояды. «Горсвет» қайда, ТЖ қызметі неге әрекетсіз? Жанындағы ағашта сымдар ілулі тұр. Найзағай түссе, бүкіл үй өртеніп кетуі мүмкін дейді ол.
«Мен мұны осылай қалдырмаймын. Біреу жауап беруі керек. Мемлекет қайда қарап отыр? Біз салық төлейміз, КСК-ға ақша төлейміз. Ол ағашты кесіп тастау керек еді. Бұл жерде нағыз бейберекетсіздік. Неге футбол алаңын салмайды? Менің ең кенжем — 9 жастағы балам жанып кетті. №1 мектептің 3-сыныбында оқыды. Жүрегім шыдап тұра алмайды», — деп сөзін аяқтады қайғы жұтқан ана.
«Juzmedia» - ақпараттық-ағартушылық портал. Қазақ қоғамының өсуі, өзгеруі тұсында болып жатқан құбылыстарды мүлт жібермейтін сенімді ақпарат көзі. Атауына қатысты түсініктеме бере кетсек: Елде болып жатқан әр іс-әрекеттің сыртында адам, адамның бет-бейнесі, ЖҮЗІ бар. Яғни, жауапкершілігі, ар-ожданы деген сөз. Мейлі қарапайым адам, мейлі шенеунік осы түсінік аясынан алшақтамаса.