Атыраудан Шымкентке ұшуға тиіс болған Айжан Кенесова Fly Arystan әуе компаниясы қызметкерлерінің әрекетіне шағымданды. Айтуынша, оны рейстен түсіріп, полицияға тапсырып, психиатриялық және наркологиялық тексеруге жіберген. Ал әуе компаниясы өз әрекеттерін ішкі регламентке сай деп түсіндіреді, деп хабарлайды Juzmedia.kz Курсивке сілтеме жасап.
Оқиға 3 мамырда Атырау әуежайында болған. Айжан Кеңесова Шымкентке Fly Arystan рейсімен ұшуға тиіс еді. Оның айтуынша, барлық билеттер алдын ала сатып алынған, соның ішінде 10 келіге дейінгі жолжүкті (қол жүгін) тасымалдау ақысы да төленген. Алайда тіркеу кезінде әуе компаниясының супервайзері ретінде таныстырылған Ақкүн Жауынбаева жолжүкті багаж ретінде өткізуді талап еткен. Бұл талапты негізсіз деп санаған жолаушы мен қызметкер арасында дау туындаған.
Кеңесованың сөзіне сенсек, қол жүгі салмақ пен өлшем талаптарына сай болған және ол сол чемоданмен өзге елдерге де ұшқан. Instagram желісінде жарияланған видеода ол өзін себепсіз рейстен түсіріп, болашақта Fly Arystan рейстерімен ұшуға тыйым салынғанын айтып, бұл әрекетті қызметтік өкілеттігін асыра пайдалану деп бағалады.
«Ақкүн Жауынбаева менімен еш себепсіз жанжал шығарды. Психологиялық қысым көрсетіп, менің ашуымды оятты. Рейстен түсіріп, шындыққа жанаспайтын акт толтырды. Артынша Fly Arystan рейстеріне ұшуға тыйым салынғанын айтты. Бұл — заңсыздық, — деді Кенесова.
Оның айтуынша, ұшуға кедергі келтіретін ресми себеп көрсетілмегендіктен, ол әуежай аймағынан кетуден бас тартқан. Осыдан кейін супервайзер полиция шақыртып, жолаушыны көлікке отырғызып, акт рәсімдеген. Полиция болса, әйелді алдымен психоневрологиялық диспансерге, кейін наркологиялық және алкогольді тексеру мекемелеріне жіберген.
«Барлық медициналық тексеруден өттім. Психикалық денсаулығым — толық қалыпты. Нашақорлық — нөл. Алкотест — нөл. Мен ішімдік те, есірткі де қолданбаймын. Барлық анықтама мен құжаттарым бар, олар менің кінәсіз екенімді дәлелдейді. Бұл — мені еш себепсіз қорлау», — дейді Айжан Кенесова.
Ол рейстен бас тартуға мәжбүр болған соң, Атырауда екі күн қалып қойған. Бұл оның жұмысына, денсаулығына және қаржылық жағдайына теріс әсер еткенін айтады.
Fly Arystan бұл жағдайға қатысты ресми түсініктеме беріп, ішкі ережелерге сүйенгенін айтты. Әуе компаниясының мәліметінше, жолаушының қол жүгінің өлшемі 56×23×36 см-ден аспауға тиіс, тіпті 10 келіге дейін рұқсат етілсе де.
«Қызметкерлердің айтуынша, жолаушыға багажды ережеге сай рәсімдеу ұсынылған. Алайда жолаушы эмоцияға жол берген. Мұндай жағдайда ішкі тәртіп пен авиациялық қауіпсіздік талаптарына сәйкес, жолаушыны рейске отырғызудан бас тарту туралы шешім қабылдануы мүмкін», — делінген Fly Arystan-ның Лия есімді қызметкері қол қойған ресми жауабында.
«Juzmedia» - ақпараттық-ағартушылық портал. Қазақ қоғамының өсуі, өзгеруі тұсында болып жатқан құбылыстарды мүлт жібермейтін сенімді ақпарат көзі. Атауына қатысты түсініктеме бере кетсек: Елде болып жатқан әр іс-әрекеттің сыртында адам, адамның бет-бейнесі, ЖҮЗІ бар. Яғни, жауапкершілігі, ар-ожданы деген сөз. Мейлі қарапайым адам, мейлі шенеунік осы түсінік аясынан алшақтамаса.