homepage
Коллаж Juzmedia

Қызметкерлер жұмыс істейтін мекеменің парақшасына лайк басуға міндетті ме?

12.05.2025, 08:28

Мекеме басшылығы қызметкерлерінен Instagram парақшасына лайк басуды талап ете ала ма? Шымкент қалалық Жастар ресурстық орталығында дәл осындай жағдай тіркеліп, кейбір қызметкерлер лайк баспағаны үшін тәртіптік жазаға тартылған. Juzmedia порталы осыған дейін бұл туралы жазған еді. Басшылықтың мұндай әрекеті қаншалықты заңды және этикаға сай?

МӘСЕЛЕНІҢ МӘН-ЖАЙЫ

Мемлекеттік сатып алу сайтындағы ақпаратқа сүйенсек, Шымкенттегі Жастар Ресурстық орталығы 2016 жылы тіркелген. Басшысы – Марат Спатаев. Мекеме қызметкері Айгүл Шынтөрееваның сөзінше, Спатаев орталықтың парақшасындағы жазбаларға лайк баспағаны үшін ескерту берген. Ал SMM бөлімі қызметкерлердің лүпілдерін санап, есеп беріп отырады екен. Бірақ ұйым оны жоққа шығарып отыр.

«Мекеменің SММ бөлімі тарапынан қызметкерлердің жеке әлеуметтік желілердегі әрекеттеріне тікелей бақылау жасалмайды. Алайда ресми парақшаларда жарияланған мазмұнды кеңінен тарату мақсатында қолдау көрсету – біздің мекеменің ақпараттық қолдау тәжірибесінің бір бөлігі болып табылады. Осыған байланысты қызметкерлерден ақпаратқа лүпіл басу, бөлісу немесе пікір қалдыруды талап етпейміз, бірақ оны қолдауға ұсыныс ретінде қараймыз», - делінген ұйымның ресми жауабында.

Juzmedia редакциясы мекеме басшылығынан парақшадағы жазбаларға лүпіл басуы міндетті ме және бұл қызметтік этикаға қайшы ма деген сұрақ қойды.

«Бұл талап ретінде қойылмайды және міндеттелмейді. Лүпіл басу немесе пікір қалдыру – қызметкерлердің өз еркі. Қызметтік этика нормаларына сәйкес, бұл әрекеттер жеке пікір білдірудің бір формасы ретінде қарастырылады және ол құқықтық немесе этикалық тұрғыдан шектеуге жатпайды», - деп жазылған хабарламада. 

Өкінішке қарай, жағдай мүлде басқаша. Бізге сұхбат берген  Психологиялық көмек, күйзелістің алдын алу және жас отбасылармен жұмыс бөлімінің басшысы Айгүл Қанатқызы Шынтөреева   лүпіл басқан қызметкерлерді есепке алу орталықтағы қалыпты «дәстүр» деп айтқан еді.

«Бұл лайк дерті келгелі біраз болды. Лайк баспаған қызметкерлерге БАҚ бөлімі анализ жасап, баспаған қызметкерлер тізімін басшылыққа береді. Басшылық талап етеді», - деген еді ол  Juzmedia тілшісіне.

ЛАЙК БАСУҒА МІНДЕТТЕУ ЗАҢДЫ МА?

Мекеме басшылығының қызметкерден әлеуметтік желілердегі парақшаларға лайк басуды міндеттеуі этикаға да, заңға да сай емес.  Ең біріншіден, мұндай талап көп жағдайда еңбек шартында немесе лауазымдық нұсқаулықта көрсетілмейді. Яғни, заңды тұрғыда ол қызметкердің міндетіне жатпайды. Бұл қызметкердің ішкі мотивациясына, сеніміне кері әсер етеді.

Әлеуметтік желідегі парақшалар – адамның жеке кеңістігі, ал ондағы белсенділігі (лайк басу, пікір жазу, жазылу немесе жазылмау) – әркімнің жеке таңдауы. Жұмыс берушінің оған нұсқау беруі еңбек этикасы мен құқықтық нормаларға сай келмейді.

Ал жұмыс парақшасына лайк басуға міндеттеу -  қызметкерге қысым көрсету. Себебі лайк басу міндетті нәрсе емес, ал оны талап ету – қызметкердің еркін таңдауын шектеу.

Егер  сіздің жұмыс орныңызда осыған ұқсас жағдай болсаңыз алдымен басшылықтың бұл талабын ресми түрде бекіткен-бекітпегенін білу керек. Сізге жазбаша бұйрық немесе ережені таныстыруға тиіс.  Оны көрсете алмаса, сізден талап ете алмайды.  Ал оған қарамастан әрі қарай сізге қысым жасаса, еңбек инспекциясына немесе адам құқығын қорғаушы ұйымдарға шағым жасауға болады.

Шымкенттегі Жастар Ресурстық Орталығы қазір ескерту алған қызметкерлердің ешқайсысы жұмыстан шықпағанын, өз қызметін атқарып жатқанын айтты. Ең қызығы, бұл оқиға желіге шығып шу болғаннан кейін мекеме басшысы Марат Спатаев белгілі уақытқа демалысқа кеткен. Оның орнына Д.Қанатұлы есімді азамат директордың міндетін уақытша атқарады. Біз хабарласқан орталық өкілінің сөзінше, Спатаев мамырдың екісінде жұмысқа шыққан екен.

Juzmedia

«Juzmedia» - ақпараттық-ағартушылық портал. Қазақ қоғамының өсуі, өзгеруі тұсында болып жатқан құбылыстарды мүлт жібермейтін сенімді ақпарат көзі. Атауына қатысты түсініктеме бере кетсек: Елде болып жатқан әр іс-әрекеттің сыртында адам, адамның бет-бейнесі, ЖҮЗІ бар. Яғни, жауапкершілігі, ар-ожданы деген сөз. Мейлі қарапайым адам, мейлі шенеунік осы түсінік аясынан алшақтамаса.