homepage
Фото: t.me/mazhilis_kz

Руслан Берденов ауыр жарақаттан кейін алғаш рет мәлімдеме жасады

12.05.2025, 18:17

Шымкент қаласы әкімінің орынбасары Руслан Берденовке жасалған қастандықтан бері үш апта өтті. Ауыр жарақат алған шенеунік бүгін алғаш рет әлеуметтік желіде өз жағдайы туралы жазба жариялап, халыққа алғысын білдірді, деп хабарлайды Juzmedia.kz.

Бұған дейін хабарланғандай, 2025 жылғы сәуір айының соңында Шымкент қаласы әкімінің орынбасары Руслан Берденовке оқ атылған. Қоғамда үлкен резонанс тудырған бұл оқиға бойынша бірден тергеу амалдары басталып, күдікті қолға түсіп, уақытша ұстау изоляторына қамалды. Қалалық полиция департаментінің мәліметінше, қылмыстық іс қозғалып, қазіргі уақытта тергеу жүріп жатыр.

Ал оқ жарақатын алған Руслан Берденов үш апта бойы ауруханада ем қабылдаған. Бүгін ол өзінің әлеуметтік желідегі парақшасында қал-жағдайын баяндап, көпшіліктің қолдауына ризашылығын жеткізді.

«Менің басыма түскен ауыр жағдайдан көпшілігіңіз хабардарсыздар деп білемін. Бұл оқыс оқиға маған да, менің отбасым мен жақындарыма да ауыр тигені анық. Мұны сөзбен айтып жеткізу өте қиын.

Алайда, сынаққа толы болған осы уақыт аралығында көптеген адамдардың, әріптестерімнің, тамыр-таныстарымның жанашырлығын, қолдауын, тілектестігін сезіндім. Телефоныма түскен қоңыраулар, хабарламалар, әлеуметтік желідегі тілеулес жазбалар көңіліме демеу болғанын, күш-қуат бергенін, сергіткенін айтқым келеді.

Міне, 3 аптаға созылған ауруханадағы күндерім аяқталып, өзім де аяқтан тұрып, күнделікті тіршілігіме оралатын сәт таяп қалды. Әлбетте, бірінші Алланың, содан соң дәрігерлеріміздің жіті бақылауының, ем-домының арқасында денсаулығым оңалды, қалпына келді.

Осы уақыт ішінде мен еліміздің медицинасы көп ілгерілегеніне, шетелдік клиникалардан еш кем еместігіне көз жеткіздім. Ақ халатты абзал жандарымыздың мейірімі мен кәсібилігі де ризашылығымызға әбден лайық.

Баршаңыздың қолдауларыңыз бен жанашырлықтарыңызға шексіз алғысымды айтамын», – деп жазды әкім орынбасары.

Ресми мәліметтерге сүйенсек, күдіктінің жеке басы анықталған және ол уақытша ұстау изоляторына қамалған. Тергеу барысы құқық қорғау органдарының бақылауында.

Juzmedia

«Juzmedia» - ақпараттық-ағартушылық портал. Қазақ қоғамының өсуі, өзгеруі тұсында болып жатқан құбылыстарды мүлт жібермейтін сенімді ақпарат көзі. Атауына қатысты түсініктеме бере кетсек: Елде болып жатқан әр іс-әрекеттің сыртында адам, адамның бет-бейнесі, ЖҮЗІ бар. Яғни, жауапкершілігі, ар-ожданы деген сөз. Мейлі қарапайым адам, мейлі шенеунік осы түсінік аясынан алшақтамаса.