homepage
Фото ашықдереккөзден

Қызметкерлерінен лайк талап еткен Шымкенттегі мекеме басшы қызметінен кетті

12.05.2025, 13:52

Марат Спатаев Шымкент қаласының «Жастар ресурстық орталығындағы» басшылық қызметінен кеткенін мәлімдеді, деп хабарлайды Juzmedia.kz Ол бұл туралы өзінің әлеуметтік желідегі парақшасында жазған.

Ол орталық басшысы қызметін атқарған кезеңде қызметкерлерінен мекеменің парақшасына лайк қоюды талап еткенімен танылған. Лайк баспағандарға сөгіс жариялағаны туралы шағымдар да жария болған еді.

«Бүгіннен бастап Шымкент қаласының “Жастар ресурстық орталығындағы” басшылық қызметімді ресми түрде аяқтаймын. Бұл мен үшін өмірімнің маңызды, жауапты әрі ерекше кезеңдерінің бірі болды. Осы уақыт ішінде бірге жұмыс істеген барлық әріптестеріме, сенім білдірген басшылыққа және қолдау көрсеткен серіктестерге зор алғысымды білдіремін. Жастармен жұмыс істеу – менің жүрек қалауым әрі өмірлік ұстанымым. Осы салада жүзеге асқан әрбір жоба мен атқарылған әрбір іс мен үшін аса құнды», – деп жазды ол парақшасында.

Ол бұрын бірге жұмыс істеген әріптестеріне де лебізін білдіріп, адами сыйластықты бәрінен жоғары қоятынын айтты.

«Экс-әріптестеріме айтарым – өз басым ешқашан “Я начальник – ты дурак” дейтін “кеңестік көзқараста” болған жоқпын. Алдағы уақытта жолымыз тоғысып жатса, сыйластықта болайық. Өмір өткінші, ал шынайы сыйластық – мәңгілік», – дейді ол.

Айта кетейік, бұған дейін Juzmedia.kz тілшісіне берген сұхбатында бөлім басшысы Айгүл Шынтөреева Спатаевтың парақшадағы жазбаларға лайк баспағаны үшін ескерту жасағанын айтқан. Осы оқиғадан кейін оның денсаулығы сыр беріп, дәрігер шақыртуға мәжбүр болған. Ал SMM бөлімі қызметкерлердің әлеуметтік желідегі белсенділігін бақылап, есеп беріп отырған.

Бұл жағдай қоғамда қызу талқыланып, редакция орталық басшылығына ресми сауал жолдаған. Жауап ретінде, орталық әкімшілігі парақшаға лайк басу мекеме тарапынан талап етілмейтінін және міндетті еместігін мәлімдеген. Даудың өршуіне байланысты Спатаев сол кезеңде уақытша демалысқа кеткен болатын.

Juzmedia

«Juzmedia» - ақпараттық-ағартушылық портал. Қазақ қоғамының өсуі, өзгеруі тұсында болып жатқан құбылыстарды мүлт жібермейтін сенімді ақпарат көзі. Атауына қатысты түсініктеме бере кетсек: Елде болып жатқан әр іс-әрекеттің сыртында адам, адамның бет-бейнесі, ЖҮЗІ бар. Яғни, жауапкершілігі, ар-ожданы деген сөз. Мейлі қарапайым адам, мейлі шенеунік осы түсінік аясынан алшақтамаса.