homepage
Depositphotos.com

МӘМС-тен айырылып қалуыңыз мүмкін: қор өкілдері ескерту жасады

16.04.2026, 15:42

Әлеуметтік медициналық сақтандыру қоры азаматтарға маңызды ескерту жасады. Медициналық көмекті үздіксіз алу үшін МӘМС жарналарын уақытында төлеу қажет, деп хабарлайды Juzmedia.kz

Қор өкілдері хабарлағандай, төлемдерде үзіліс болса, «сақтандырылған» мәртебе тоқтатылып, қызметтерге қолжетімділік шектелуі мүмкін.

МӘМС жүйесінде «сақтандырылған» мәртебе тек соңғы 12 ай бойы жарналар үздіксіз төленген жағдайда ғана беріледі. Егер төлемдерде үзіліс болса, азамат уақытша жүйеден тыс қалады.

Бұл жағдайда жоспарлы медициналық қызметтерді алу мүмкіндігі шектеледі. Сондықтан әр азамат өз төлемдерінің тұрақты жүргізілуін қадағалауы тиіс.

“Жарналар мен аударымдар ай сайын төленуі керек. Олардың уақтылы әрі толық түсуін мемлекеттік кірістер органдары бақылап отырады.

Мерзім бұзылған жағдайда өсімпұл есептеліп, қосымша әкімшілік шаралар қолданылуы мүмкін”, – делінген қор хабарламасында.

2025 жылдың қорытындысы бойынша жұмыс берушілер, жеке кәсіпкерлер және жеке практикамен айналысатын азаматтар арасында төлемдерді кешіктіру жағдайлары жиі тіркелген.

Мамандар мұндай мәселелердің алдын алу үшін әр азаматқа өз мәртебесін тексеріп, қарызы бар болса, өткізіп алған айлар үшін төлем жасауды ұсынады. Бұл – медициналық көмектен қағылып қалмаудың негізгі жолы.