homepage
Depositphotos.com

Қазақстанда жеке тұлғалардың банкроттығы қалай жұмыс істейді

16.04.2026, 16:21

Қазақстанда қарызын төлей алмай қалған азаматтар үшін заңды мүмкіндік, яғни жеке тұлғалардың банкроттығы тетігі қарастырылған. Алайда бұл рәсім тек соңғы шара ретінде қолданылады және белгілі бір шектеулермен қатар жүреді, деп хабарлайды Juzmedia.kz

Соттан тыс банкроттық кімдерге тиімді?

Берешек көлемі мен жағдайына қарай банкроттық сот арқылы немесе соттан тыс рәсіммен жүргізіледі. Соттан тыс банкроттық 1600 АЕК-ке дейінгі (шамамен 6,9 млн теңге) қарызы бар азаматтарға арналған.

Бұл үшін бірнеше талап сақталуы тиіс: борышкердің мүлкі болмауы, кемінде 12 ай бойы қарызын өтемеуі және берешекті реттеу әрекеттерінің жасалуы. Рәсім жеңілдетілген түрде өтеді және eGov.kz немесе Tazalau.kz платформалары арқылы рәсімделеді.

Қаржы нарығын реттеу және дамыту агенттігі атап өткендей, сондай-ақ төлем мерзімі 5 жылдан асқан азаматтар үшін мүлікке қарамастан соттан тыс банкроттыққа өтініш беруге мүмкіндік бар. Биыл наурыздан бастап мұндай өтініштерді қарау мерзімі 6 айдан 1 айға дейін қысқартылды.

Сот банкроттығының салдары қандай?

Егер борышкердің мүлкі болса немесе басқа талаптарға сай келмесе, банкроттық рәсімі сот арқылы жүзеге асырылады.

Алайда бұл қадамның салдары да бар. Банкрот деп танылған азаматтарға 5 жыл бойы несие алуға шектеу қойылады (ломбардтардан басқа). Сонымен қатар сот банкроттығы кезінде шетелге шығуға да уақытша тыйым салынуы мүмкін.

Мамандардың айтуынша, банкроттыққа жүгінбес бұрын қарызды қайта құрылымдау сияқты балама жолдарды қарастырған жөн. Себебі бұл – қаржылық қиындықтан шығудың ең соңғы әрі ең күрделі тәсілі.