Жамбыл облысында кәмелетке толмаған оқушының өзіне-өзі қол жұмсауына байланысты қозғалған қылмыстық іс бойынша сот үкімі шықты, деп хабарлайды Juzmedia.kz.
Облыстық прпокуратурадан хабарлағанжай, үш адам жасөспірімді суицидке дейін жеткізгені үшін кінәлі деп танылды.
Қайғылы оқиғаның мән-жайы
Оқиға өткен жылдың сәуір айында Жамбыл ауданына қарасты Тастөбе ауылында болған. 9-сынып оқушысы өз үйінің ауласындағы сарайда асылып қалған.
Аталған дерек бойынша Қылмыстық кодекстің 105-бабы 3-бөлігімен іс қозғалып, тергеу жүргізілді. Нәтижесінде 22 жастағы ауыл тұрғыны және 10–11 сыныптың екі оқушысы күдікті ретінде танылды.
Тергеу барысында мектеп оқушылары арасында «бейресми көшбасшылар» ықпалының күшейіп, «көшелік тәртіптің» қалыптасқаны анықталған.
Қайғылы жағдайға дейін жасөспірімге жүйелі түрде психологиялық қысым көрсетіліп, қорқыту және мәжбүрлі еңбекке тарту фактілері тіркелген.
Сот үкімі
Іс 2025 жылғы қыркүйекте сотқа жолданып, қарау барысында айыпталушылардың кінәсі толық дәлелденді.
2026 жылғы 16 сәуірде Жамбыл облысының кәмелетке толмағандардың істері жөніндегі мамандандырылған ауданаралық соты үкім шығарды. Негізгі айыпталушы 8 жылға бас бостандығынан айырылды. Ал оның кәмелетке толмаған екі сыбайласына 5 жылдан жаза тағайындалды.
Қазіргі таңда үкім заңды күшіне енген жоқ.